Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шанжархан Бекмағамбетов: Тілді терең зерттеу керек

Шанжархан Бекмағамбетов: Тілді терең зерттеу керек

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым, «Жүректегі жазулар» жыр жинағының авторы. «Бейбітшілік əлемі» (Планета Мира – Worldof Pease) Халықаралық Қазақ творчестволық Бірлестігі жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «М.Шолохов» медалінің иегері, Қорқыт ата медалі мен А.Байтұрсынов атындағы алтын медалінің иегері Шанжархан Бекмағамбетовпен болған келелі әңгімені оқырманға ұсынбақпыз. 22 қазан күні Шанжархан Бекмағамбетов 75 жасқа толады.
– Аралдың топырағына кіндік қаныңыз тамған төл перзенті екеніңізді білеміз. Теңіздің жағасында жалаңаяқ құм кешіп жүрген бала Шанжархан қандай бала болды?
– Менің әкем Бекмағамбет кіндіктен жалғыз адам. Қарапайым балықшы отбасында өстім. Бір өзегімді өртейтін өкінішім, анамды көрген емеспін. Анам менің 3 айлық жөргектегі кезімде өмірден өткен. Көзкөргендерің айтуынша, босанғаннан кейін күтінбеуінің себебінен денсаулығында кінарат болған дейді. Кейде ақындардың ана деп жырға қосып, әншілер анасына арнап ән орындап, бәзбіреулер анасын айтып тебіреніп жатқанда мені «менің анам қандай болды екен» деген ой мазалайды. Тіпті суреті де қалмаған. Не керек, мені үлкен әпкем Алтын мен Ізмахан жездем қамқорлығына алып өсірді. Ес білгенде өмірімде анамның орнын басқан сол әпкем болды. Біздің негізі кіндік қанымыз тамған жер Қасқақұлан деп аталады. Қазір ол жерде ел қалмады. Тек анамыз сол жерде жерленген. Сондықтан сәті түскенде анамыздың басына барып Құран бағыштап қайтамыз. Менің алдымда Өмірхан деген ағам, Алтын, Жарқын есімді екі апам болды. Ағам талай жыл дәрігер болып еңбек етті. Екі апам осы Арал өңірінің азаматтармен шаңырақ көтеріп алтын құрсақты ана атанды. Қазір бәрі де дүниеден өтіп кетті. Қасқұланда жүргенде 1-сыныпқа бардым. Бірде асық ойнап жүргенімде бірге оқитын Дөңес деген бала «Әй Шамхан біз мектепте оқиын деп жатырмыз, кел» деп шақырды. Ол кезде оқу-құралдың жоқ кезі. Күйеуге шығып кеткен әпкемнің қалған дәптерлерін салып алып мектепке қарай құстай ұштым. Кейін Қаратереңге көшіп келдік.
         – Өлең-жырға деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
         – Атабай Қылышбаев деген мұғаліміміз болды. Сол кісі Балауса деген қабырға газетін ұйымдастырып, біз солған бір-жар өлеңдерімізді жазып жүрдік. Атабай ағаймыз Аралға келіп редакцияның адамдарымен байланыс жасап бізбен кездесулерге алып келіп жүрді. Қазалыдан сатерик ақын Балтабай Тәжімбетовті басқа да өз заманымызда өңірге аты шықан ақын-жазушыларды ерітіп әкеліп жүрді. Бұл кезде мен 7 сынып оқушысы едім. Редакциядан келген тілшілер әр жолы біздің жазғандарымызды өздерімен алып кетіп жүрді. Арада біраз уақыт өткенде «Толқын» газетіне басылып шыққанын көріп, жүрегіміз жарылардай болып қуанамыз. Бірде «Лениншіл жас» газетіне поштаға Шерхан Мұртазаның қолы қойылған хат келді. Онда менің өлеңдерімнің жақсы екендігі, бірақ әлі де ізденісті қажет ететіндігі жазылған. Бұл хатты алу маған үлкен шабыт сыйлады. Қаратереңде 1959 жылы жаң мектеп салынған кезде Елеусіз Баймаханов мектеп деректоры болып келді. Бізге әдебиеттен сабақ берді. Сол кезде әдебеттің теориясы жазылған қалың қойын дәптері болатын. Кейін білдім, ұстазым мұны Қажым Жұмалиевтан көшіріп алған екен. Менің әдебиетке деген қызығушылығымның оянуына осы кісінің септігі тиді. 
– Студенттік жылдарыңыздың жарқын естеліктерін айтып берсеңіз...
Ол кезде мектепті бітіре салып арман қуып бірден оқуға кете алмаймыз. Елдегі еңбек бригадасында жұмыс істеген соң ғана рұқсат берілетін. Мен мектепте 3 жыл пионер жетекшісі болып еңбек еттім. Алматыға барып КазГУ-ге түсу деген бір ғана арман болды. Құжаттарымды жинап аталған оқу орнына келіп дайындықты бастап кеттім. Бірақ менің еңбек кітапшамда аты-жөнім қате жазылып, үлкен кедергі болды. Енді қайда барамын деп уайымдап отырғанымда ауылдан барған жолдастарым сол кездегі балық министрі Құдайберген Саржановқа баруға ақыл берді. Сәтін салып ол кісі құжаттарымды реттеуге көмектесті. Дегенмен емтихан кезінде шет тілінен сүрініп, ауылға қайтып келіп, жұмысымды жалғастырдым. Не керек, діттеген мақсатыма жетпей қоймайтын мінезімнің арқасында оқуға қабылданып, студент атандым. 1970 жылы филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 1975 жылы бітірдім. Суденттік жылдарым жатақхананы пана тұтып, кітапханада ғалымдардың еңбегін оқумен өтті. Диплом алып келген соң Қаратереңдегі мектепке 10 жыл мұғалім болып жұмысқа орналастым.
         – Қарапайым мектеп мұғалімінен ғалым дәрежесіне қалай жеттіңіз?
         – Бірге оқыған достарымның көбі қалада қалды. Мен олармен байланысымды үзбедім. Ылғи ғылым, білім турасында әңгіме өрбітіп жүрдік. Уақыт өте келе, мені де үлкен қалаға көшу ойы мазалады. Осылай сәті түсіп Қызылордаға қоныс аудардым. Онда да мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Бірақ түпкі мақсатым институтта сабақ беру еді. Бір жылдан кейін институтқа жаңадан келген Абай Айтмұханбетов есімді ректорға тікелей кіріп мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі сөзге келместен мені жұмысқа қабылдауға бірден бұйрық шығарды. Институтта сабақ берген соң ғылыми еңбек жазу керек. Кейін Алматыға барып өзіме сабақ берген мұғалімдерді іздей бастадым. Маманов Ибрагим деген диплом жетекшім болған ұстазыма келдім. Ол сол кездегі жас ғалымдардың бірі Қайырболат Есеновке жол сілтеді. Қайырболат ұстазым мені жылы қабылдап, «Қазақ тіліндегі түсіндірмелі қатынастағы құрмалас сөйлемдер» тақырыбы бойынша ғылыми еңбек жазуға бағыт-бағдар берді. Алматыда 8 ай жатып, кітапхананы үйіме айналдырдым. Осылайша кандидаттық жұмысты жазып бітірдім. Ғылым кандидаты атанғаннан кейін докторлық жұмыс жазуға дайындалып жүргенімде жүйе өзгеріп кетті. Оның үстіне жетекшім де өмірден озды. Сол кезеңдерде жұмысым сәл тоқтап қалды. Жылдар жылыстаған сайын ғылымға деген жаңа тынысым ашыла түсті. Жас ғалымдардың еңбектері жарық көріп жатты. Бәрін оқып, өзімше ой түйіп, пікір қалыптастырдым. Шетелдік ғалымдардың еңбектеріне терең үңілдім.
  – Сіз қазақ тілінің генетикасын зеріттеп жүрсіз. Ғылыми тұжырымдарыңыз қызықты. Бірақ неге мақұлданбай жатыр?
  – Менің ойым мен ғылыми дәлелдемелерім қазіргі оқу жүйесіне түбегейлі қайшы. Мен өз еңбектерімде қазіргі тіл білімі жүйесінің генетикалық тұрғыдағы қатесін дәлелді түрде ашып көрсетемін.  Бірақ көбі түсіне бермейді. Генетикалық тілі білімі төңірегінде барлық жоғары оқу орындарында семинар өткіздім. Ғылыми конференцияларды баяндама жасадым. Иә, жастар қызығады. Бірақ сәл шегіншектей береді. Қазіргі тіл білімінде тілдің бергі жағын ғана айтылады. Ал шын мәнісінде тілді тереңнен зерттеу керек. Оның тамыры тым тереңде жатыр. Менің тұжырымымда әлемдегі барлық тілдің өзегі жер шарының кординаталар жүйесі сияқты негізгі 7 сөзден бастау алады. Жалпы менің тұжырымым болашақтың біліміне негіз болады. Келешек ұрпақ түбінде білім негізін осы жүйеге өзгертеді.
– Шаршамайсыз ба? Мен несіне шырылдап жүрмін деп, қолды бір сілтеп кеткіңіз келетін кездер бола ма?
Жоқ. Бұл – менің демалатын жұмысым. Мен өзімді біреуге мойындату үшін ғылым жолында жүрген жоқпын. Өз еңбектерімнің ақиқат екеніне көзім жетіп отыр. Болашақ ұрпаққа дұрыс білім жолын сілтеуді көздеймін. Өзімді де, өмірімді де ғылым жолына арнаған адаммын.
         – Алдыңыздан қаншама шәкірт өтті. Солардың арасынан сіздің көзқарасыңызды қолдаған жақтастарыңыз шықпады ма?
– Қазір бәріне оңай дүние керек. Ешкім жанын қинап еңбектенгісі келмейді. Қызығушылық танытатындар болды. Бірақ шын беріліп, ғылым жолына түсіп жатқан жастар аз. Бір өкініштісі, жастар кітап оқудан қалып барады. Қазір дүние қуған заман болды. Бұл ащы да болса шындық. Бірақ мен өзімнің ғылыми тұжырымым негізінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақпын. Осылай өз мектебімді қалыптастыру – қазіргі басты мақсатым.
– Ғылым жолына түскен балаларыңыз бар ма?
– Үлкен ұлым Әмірхан журналистиканы бітіріп, баспасөз хатшысы болып еңбек етті. Қазір жеке шаруашылықпен айналысуда. Қызым Гүлмира ғылым жолында. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жұмыс істейді. Ал кішкентайым Жарасхан мұнай саласында нәпақасын тауып жүр. Ал үлкен немерем Зейін журналистика саласында терең білім алды. Қазақ радиосында диктор.
  – Аға, өкініш бар ма? Сізді әттеген-ай дегізетін не?
 – Жоғарыда айтып өткенімдей, мен анамды көрмедім. Апа, жездемнің қолында өстім деп. Кейін ес біліп, оң-солымызды танып, мектепте мұғалім болып жүргенде неге өткенді сұрап, анам туралы ыстық естеліктерді жазып алмадым деп өкінемін. Желпінген желік сезіммен жүрдік пе, әлде әкеміздей болған жездемізді ренжітіп аламыз деп қорықтық па, әйтеуір  ұрпағымызға айтар шежірені жазып ала алмадық. Қазір көзкөргендерден ешкім қалған жоқ. Сол себепті өзімнің балаларыма отырған жерде естерінде қала берсін деп естіген естелігімді жиі айтып жүремін.
– Әңгімеңіз үшін рақмет, Ғылым жолындағы еңбегіңіз еленіп, құрмет төрінен көрініп, мерейіңіз өсе берсін!
Әңгімелескен Назерке МАРАТҚЫЗЫ
24 қыркүйек 2025 ж. 74 0