Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жас ақындар жинағы жарық көрді

Жас ақындар жинағы жарық көрді

Сырбойы қашанда өнер өлкесінен алыс емес. Бұл топырақтан ақын да, батыр да нәр алған. Бүгінде сол бір сүрлеулі жолмен жалғасып келе жатқан ақындық өнердің жібі үзілген емес. "Сен тұр мен айтайын" деген ақын жастар қазір де жеткілікті. Бүгінде сол жас ақындардың ұсынысына сәйкес облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиевтің демеушілігімен «Сыр сандық» атты антология жарыққа шықты. Өлең өлкесінде қалықтаған талапты 70 ақынның өлеңі енген жинақтың тұсаукесері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында ұйымдастырылды.
Әдеби-танымдық іс-шараны ақын Ақжол Түменбай мен Айдар Сайлауов жүргізді. Кітаптың тұсаукесерінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шанжархан Бекмағамбетов пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов құттықтау сөз сөйледі.
Ал ақын Шәкизада Әбдікәрімов сырбойылық ақындардың поэзиялық шығармаларына тән ерекшеліктер туралы пікірін білдіріп, талантты ақындардың өлеңдері мен олардың ойлы оқырмандары бар кезде жыр көші үзілмейтінін атап өтті.
Аға буын өкілдерінің лебізін айтыскер ақын Серік Ыдырысов пен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстар жөніндегі проректоры Жандос Базартай жалғап, кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен, атсалысқан азаматтарға алғаусыз алғыстарын айтты.
Кітап құрастыру жөніндегі бастама мен ұсыныс Қызылорда қаласында өткізілген поэзия кештерінің бірінде қолға алынғанын атап өткен Жандос Нұртайұлы киелі Қорқыттың есімін иеленген іргелі оқу ордасы өңір ақындарын қолдау мақсатында алдағы уақытта да іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді.
Мұнан кейін кітаптың тұсауы кесіліп, іс-шараға қатысушыларға тегін таратылды.
Өлең сүйер қауым асыға күткен іс-шарада бір топ жас ақындар өлең оқыды. Жас ақындардың шабыттанып, тебірене оқыған өлеңдерінен рухани ләззат алған оқырман қауымның жырға шөліркегені аңғарылды. Ақын арулардың сахна төрінен тыңдарман қауымға ұсынған сырға толы сыршыл өлеңдеріне көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Іс-шарада өңір ақындарын қолдап, шығармашылығын белсене насихаттап жүрген Т.Меңдібай мен Ж.Бимұратқызы кітаптың тұсаукесері әдеби қауым үшін тарихи жаңалық екенін айтып, жастардың жанашыры М.Ералиевке алғыс айтып, естелік сыйлық табыстады.
Кітаптың басты демеушісі әрі идея авторы Мағжан Ералиевтің айтуынша, поэзия кештерінің жастарға берері мол әрі әдеби іс-шаралардың, әдебиетті қолдаудың елімізді қоғамдық саяси, рухани-мәдени тұрғыда дамыту үшін маңызы зор.
Аталған жинаққа аймақ ақындарымен қатар Арал ауданының ақындарының да өлеңдері енген.
«Толқын» ақпарат
21 желтоқсан 2021 ж. 2 183 0