Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҒАЛАМЫ – ЖЫР, ҚАЛАМЫ – ҒЫЛЫМ

ҒАЛАМЫ – ЖЫР, ҚАЛАМЫ – ҒЫЛЫМ

Руханият орталығында мерейлі 75 жасы тойланғалы жатқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым Шанжархан Бекмағамбетовпен өткен әдеби кездесу кеші көпшілікке терең ой мен сырға толы әсер сыйлады.
Кеш шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол ардақты ұстаздың ғылым мен өнерді ұштастыра білген еңбегін жоғары бағалап, мерейтой иесіне ақжарма тілегін жеткізді.
Әдеби кездесудің тізгінін аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов ұстап, қонаққа арнаулы сауал қойып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне көрерменді жетеледі. Әңгіме алдымен Шанжархан ағамыздың ақындыққа алғаш қадам басқан кезеңінен басталды. Ол алғашқы шабыттың ауыл топырағынан, балауса жастықтан, Қаратереңнің шағылы мен Қасқақұланның самалынан туғанын әсерлі баяндап берді.
Жырларында туған жердің иісі аңқитынын айтқан ақын, әсіресе, теңіз тақырыбына жиі оралады. Балалық шағы Арал теңізінің жағасында өткендіктен, ақын үшін теңіз тағдырдың, сағыныштың, шабыттың символына айналғанын жеткізді. Бұл ойды орталық кітапхана кітапханашылары мәнерлеп оқыған ақын өлеңдері одан әрі айшықтады. Нұрәлем Лайықтың орындауындағы «Ескі ауыл» әні де қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.
Кеш қонағының шынайы әңгімесі мен жырлары оқырманға рухани әсер қалдырып қана қоймай, жас ақындарға да үлгі болды. Әдеби кездесу соңында Шанжархан Бекмағамбетов Орталық кітапхана қорына өзінің авторлық еңбектерін сыйға тартты. Бұл кітапхана оқырмандарына жасалған үлкен тарту әрі келешек буын үшін баға жетпес мұра болмақ.
Сондай-ақ, ақынға аудан әкімінің арнайы сыйы табысталып, кеш соңында жиналғандар белгілі қаламгер Әнес Әуезовтің ақ батасын алды.
Г.САҚТАПОВА
20 қыркүйек 2025 ж. 52 0