Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаламына қасиет ұялаған

Қаламына қасиет ұялаған

Бүгіні ертеңіне ұқсамайтын Арал көгінде руханияттың ақ көгершіні қалықтап, мәдениеттің мәуелі бағы қайта жайқалды. Алаш рухының алтын арқауына айналған өңірде ел есінде ұзақ сақталатын тағы бір тағылымды күн орын алды.
Теңіз төсіндегі тіршілік пен Сырдарияның сазды үніне қаныққан қасиетті өлкеде өткен бұл жолғы мәдени шара – әдебиет жанашырларымен болған мазмұнды кездесу кеші. Бұл – рухани сабақтастықтың, тарихи таным мен әдеби өрістің ортақ тоғысуы, ұлттың жан әлемін тербеткен шынайы өнер кеші өтті.
Арал ауданында өткен ерекше кештің шымылдығы аудандық мәдениет үйінде түрілді. «Қаламына қасиет ұялаған» атауымен өрбіген рухани-мәдени шарада халқымыздың сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан зиялы қауым өкілдері бас қосты. Атап айтқанда, кеңестік және қазіргі қазақ әдебиетінің дара ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Негимов, өткір ойлы ақын әрі танымал журналист, көсемсөздің көшін сүйреп келе жатқан, ел шындығын қаламына арқау еткен, «Түркістан» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, сондай-ақ қаламы жүйрік, парасаты биік әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер өңір жұртшылығымен жүздесіп, сырлы сұхбат өрбітті.
Кездесу тізгінін ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов алып, кеш мазмұнын байыта түсті. Елге келген қадірлі қонақтардың әрбір айтқан ойы – тереңнен маржан тергендей мәнді, әрбір пікірі – ұлттың жан дүниесін дөп басқандай әсер сыйлады.
Шара барысында әдебиет пен тарих, ұлт пен руханият туралы терең толғаныстар айтылды. Қазақ әдебиетінің өткенінен сыр шертіп, бүгініне баға беріліп, келешегіне бағыт көрсетілді. Қаламгерлердің сөзі – тек өткенге көз тастау ғана емес, бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле құятын, болашақтың бағдарына айналар тағылымды тұжырымдарға толы.
Поэзия мен прозаның тамыры терең тартылып, күй күмбірлеп, ұлттық өнердің өзегі қайта оянғандай әсер қалдырды. Сахна төрінде жас ақындар өлең оқып, өнерпаздар күміс күй төкті. Алаштың арғы-бергі тарихынан сыр шертіліп, салт-сананың сыныбын аңғартқан әсерлі ойлар айтылды.
– Бүгінгі шарадан кітапханашыларды, мұғалімдерді, әсіресе жасөспірімдерді көргеніме қуаныштымын. Қазақта жақсы сөз бар «Халқына жақын ұл өссін, Қанатын жазып қыз өссін» деген. Бәріміздің тілегіміз алмадай қыздарымыз бен өріктей ұлдарымыздың елдің қорғаны, жанашыры, қайраткері болуы. Сол үшін де тарихты білу маңызды.
Мен шешендік өнер, жыраулар мен шежірешілер, сал-серілер және поэзияның көркемдігі, аллитерация, дыбыс, интонация туралы зерттедім. Сонда жай адамның құлағы 240 мыңдай дыбымты ажырата алады екен. Ал сіз сүлейлерді есептей беріңіз. Мен Сыр елінің шайырларын қарадым. Аралдық Қарасақал Ерімбет 1 сөзге 80 сөз ұйқастыра алған екен. Сыр бойының жыраулары Адам атадан Нұх пайғамбарға дейінгі 60 мыңжылдықты жырлаған. Біз Қорқыт ата, Айдарбек баба кесенесін көрдік. Әлем таныған Әбенің шығармаларын оқыңыздар. «Қан мен терде», «Соңғы парызда» қазақ елінің тағдыры, қазақ тілінің көркемдігі бар, – деді Серік Негимов.
Сонымен қатар Бауыржан Бабажанұлы замандасы, досы Әділ Ботпановпен таныстығын еске алып, жастық шақтың естелігімен бөліссе, Қайырбек Кемеңгер өз өмірінен сыр шертіп, ел бірлігі мен Алаш идеологиясының маңызы туралы айтты.
Кеш аясында әдебиет майталмандары өздерінің авторлық кітаптары мен көркем туындыларын аудандық орталық кітапханаға тарту етіп, Арал жұртшылығына естелік сый жасады. Ол – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын, кітап арқылы жалғасар мәдени миссияның көрінісі болды.
Кездесу туралы аудандық Орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Кулмашова:
– Әдебиет жанашырларымен өткен рухани кеш мен үшін ерекше әсерлі әрі толқытатын сәттерге толы болды. Әдеби саланың ең асыл өкілдерімен жүздесу – үлкен мәртебе. Профессор Серік Негимовтің терең танымға толы ойлары, Бауыржан Бабажанұлының поэтикалық қуаты мен публицистикаға серпін берген сөздері, Қайырбек Кемеңгердің ұлт руханиятына қатысты пайымдары – барлығы да жүрегіме жол тауып, шабыт сыйлады.
Қонақтардың ұсынған кітаптары мен шығармалары біздің кітапхана қорына ғана емес, оқырман жанына қосылған қазына деп білемін. Осындай рухани кездесулер жиі өтіп тұрса екен деймін. Себбебі ол ұрпақ пен уақытты жалғайтын алтын көпір деп есептеймін, – деп пікір білдірді.
Кездесу соңында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, қазақ руханиятының көшін алға сүйреп келе жатқан ардақты азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Ел есінде ұзақ сақталатын естелік ретінде құрметті қонақтардың иығына зерлі шапан жауып, қонақжай халықтың лайықты ілтипатын көрсетті. Сонымен қатар, ол аға буынның әдебиеттегі ерлігі мен мұрасын ерекше атап, жас ұрпаққа бағыт боларлық мазмұнды ойларымен бөлісті.
«Толқын» ақпарат
06 мамыр 2025 ж. 59 0