80 жылдыққа 80 түп ағаш

Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілді бекер айтпаса керек. Бабалар ізімен жалғасқан сара жол бүгінгі буынның да басты ұстанымына айналған. Бүгінгі игі бастама да сол ата сөзімен үндесіп жатыр.
Жасыл желекке оранған өңір – өркениетті қоғамның айнасы. Осы орайда, көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары ауданымызда жүйелі түрде жалғасып келеді.
Көпшіліктің көкейіндегі келелі істі аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қолға алып, жас шыбықтарды отырғызуға үлес қосты.
Олардың қатарында кеңестік және қазақ әдебиетінің дара ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Негимов, ақын әрі журналист, «Түркістан» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы және танымал қаламгер, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер, аудан ардагерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері бар.
Атадан балаға мирас болып қалған жарасымды үрдіс жылда жалғасын тауып келеді. Жас көшеттерді мәуелі ағашқа айналдыру мен күтіп баптау жұмыстары ұдайы жүргізіліп, олардың жайқалып өсуіне бар жағдай жасалады.
Көгалдандыру жұмыстары шаһарымыздың барлық аумағында жүйелі түрде жүргізіліп, туған өлкеміздің ажарын аша түсетін болады.




Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі