Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш отырғызу акциясы жалғасын табуда

Ағаш отырғызу акциясы жалғасын табуда

Дана халқымыз "Атадан мал қалғанша тал қалсын" деген тәмсілді бекер айтпаса керек. Бүгінде баба мұрасындай болған сол бір жасыл белдеуді бүгінгі ұрпақ күтіп ұстап, көзінің қара шығындай сақтағаны жөн. Сол ізбен жалғасқан сара жол бүгінде алдыңғы аға буынның да басты ұстанымына айналғандай. Оған дәлел ретінде жыл сайын аудан көлемінде қолға алынатын көшет отырғызу мен көгалдандыру жұмыстарын айтсақ болады. Бүгін сондай жарасымды дүниенің жалғасы болған "Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу" акциясына аралдықтар да атсалысты. Қаланың солтүстік батыс беткейіне сән берген Рәміздер алаңында аудан әкімі С.Сермағамбетов бастаған ардагерлер мен аудандық мәслихат депуттары, көше комитеттері аталған акция аясында 70 түп туя және терек ағаштарын отырғызды. Жылдың қай мезгіліне болмасын төзімді келетін көшеттерге алғашында күтімнің қажет болатыны түсінікті. Бұл мәселеде жауапкершілік болатынын баса айтқан аудан басшысы жауаптыларға жас көшеттерді бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кету керек "Бүкіл қазақстандық ағаш егу" акциясы аясында аудан орталығының өзге де мәдени орындарына жас көшеттер отырғызылды.
Тал егу акциясына қатысқан ауданның бір топ ардагерлері еліміз бен жеріміздің көркейіп, көктей беруін бірауыздан тілеп тарқасты.
08 қараша 2021 ж. 1 807 0