Өңірлердің тілдік ерекшеліктері

Әлемдік зерттеушілердің пікірінше, тамырын тереңге жайған түркі халқының ішінде қазақ тілі ерекше әрі құнарлысы. Тіліміздегі мағынасы бір, атауы басқа сөздердің көптігі ана тілімізге ерекше бояу беріп отыр.
Мәселен, «қияр» сөзін еліміздің шығыс аймағында «әгүршік» деп атаса, оңтүстікте «бәдірен» дейді.«Үлкен» сөзін кей жерлерден «дәу», «нән», «әйдік», «дөкей» деп естіп жатамыз. Атауы бөлек болғанмен мағынасы «үлкен» дегенді білдіреді. Қарапайым орындықты батыста «отырғыш» десе, солтүстікте «тақ» деп атайды. Қолданыстағы жеңге сөзін Сыр өңірінде «жеңеше» десе, батыста «тәтай апа», Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында «жише, дише» деп қолданады. Сондай-ақ «орамал», «сүлгі», «майлық» сөздері бір мағынада әр түрлі атауға ие.
Ал енді мына қызықты қараңыз. «Тәте» сөзі әдетте жасы үлкен әйелдерге қолданылса, Жамбыл, Павлодар, Орал және Шымкент өңірлерінде ер адамға қаратып айтылады екен.
Еліміздің солтүстігінде тұрғындардың «а» әріпін жіңішкертіп «ә» әрпімен ауыстырып сөйлейтін дәстүрі де бар Олардың «бәқыт», «уәқыт» деп сөйлеуі қалыпты жағдай.Мұндай сөздерді іздеп, тізбектей берсек жетерлік. Айтар ойым халықтың алуан тілділігі емес, ана тіліміздің ерекше қасиеті – ұлылығы.
Ш. НҰРБАЙ