Желтоқсан – жүректі жастардың жалыны
Желтоқсан... Бұл сөздің өзінде қыстың ызғары ғана емес, ұлттың жүрегін жылытқан намыс оты бар. Арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, 1986 жылдың желтоқсанында Алматының алаңына шыққан өрімдей жастардың үні әлі де ел жадында. Ол үн – еркіндікке ұмтылған елдің үні еді. Ол үн – «өз тағдырымызды өзіміз шешуге қақымыз бар» деген ұлттық намыстың үні болатын.1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында республика басшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Қазақстанда бұрын қызмет істемеген Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім небәрі бірнеше минут ішінде қабылданған еді. Алайда оның салмағы жылдар бойы қордаланған халықтың наразылығын оятты. Ел ішінде «Неге Қазақстанды қазақ басқармайды?» деген сауал туындады. Бұл жай ғана кадрлық өзгеріс емес, халықтың намысына тиген шешім ретінде қабылданды.
1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматының сол кездегі Брежнев атындағы алаңына студенттер мен жұмысшы жастар жинала бастады. Таңертең басталған наразылық кешке қарай мыңдаған адамды қамтыды. Тарихи деректерде алаңға жиналғандардың саны шамамен 25-30 мыңға жеткені көрсетіледі.
Жастардың қолында қару болған жоқ. Олардың айтқан сөзі – елдік, теңдік, әділет туралы талап еді. Олар республика басшылығына жергілікті халықтың арасынан лайықты азаматтың тағайындалуын қалады. Бірақ бейбіт түрде басталған наразылықтың соңы ауыр жағдайға ұласты. Алаң қоршауға алынып, жастарды тарату үшін күш қолданылды. Кейінгі зерттеулерде демонстрацияны басу барысында арнайы техника мен өрт сөндіру машиналары пайдаланылғаны көрсетіледі.
Сол күндері Алматының аязы да қатты еді. Алаңдағы жастардың үстіндегі жұқа киім қақаған суықтан қорғамайтын. Бірақ оларды ұстап тұрған бір нәрсе болды. Ол – жүректегі намыс. Кешегі студент бүгін ел тарихындағы үлкен өзгерістің куәгеріне айналды. Кеше ғана аудиторияда отырған жас ертеңгі күні тергеу алдында жауап берді. Бірі оқудан қуылды, бірі жұмыстан айырылды, енді бірі комсомол қатарынан шығарылды. Желтоқсанға қатысқандардың талайы ұзақ уақыт бойы «тәртіп бұзушы», «ұлтшыл» деген жаламен қудаланды.
Осы қиындықты бастан өткеріп, елдікті ту етіп ұран көтерген жастардың қатарында болған – Алмагүл Төлеуова. Алаңға шыққан жастарға жазықсыз тағылған жаланың ызғарын сезінген ол қудалауға ұшырап, комсомол қатарынан шығарылды. Студенттік жатақханадан аластатылды.
Ұраны елдікке айналып, намысын қолдан бермей, тәуелсіздікке алғашқы қадамды жасаған жастардың қатарында болып, Орталық алаңға «Қазақты қазақ басқарсын» деген тілегін жүрегіне түйіп барған Алмагүл сол кездегі жағдайды былай еске алады.
– Біз таңертең сабаққа барған кезімізде «Вечерная Алма-Ата» газетінде Колбиннің бірінші хатшы болғанын көріп, «Орыс басшы болыпты» дедік те қойдық. Жаспыз, саясаттан хабарымыз. Бірақ сол күні кешке жатақханада жатқанда «орталық алаңда бейбіт шеру болып жатыр» деп естідік. 5 қыз алаңға барып, көріп қайтқымыз келді. Шығар ауызда ішкі істер қызметкерлері тұр. Ешкімді сыртқа шығармай жатыр. Біз «киноға бара жатырмыз, билетті балалар алып қойған» деп, сыртқа шықтық.
Содан Темирязов көшесін бойлап, 12 қоғамдық автобуспен «Қазақстан» әнін айтып бара жатырмыз. Автобус бағытын өзгертті. Біз түсіп қалып, алаңға беттедік. Жақындаған сәтте көп милиция бізге қарай тұра ұмтылды. Күн салқын, жер таңғақ. Тарпа бас салған сәтте жан-жаққа қаша жөнелгенімізбен, аяғым тайып, ұсталып қалдым.
Олар қызметтік көліктеріне алып келді. Толы студенттер. Ішінде сол 5 студенттен менімен бір бөлмеде жататын Раушан дейтін қыз екеуміз де бармыз. Адамның көптігі сондай сығылысып тұрмыз. Барлығын алып келіп, қамады. Бізді ұстағандардың бірі – ашуланып, айқайлап, бірі – жанашырлық танытып «жайларыңа қарап жүрмейсіңдер ме?» деп жатыр.
Ер жігіттерді бөлек камерада, бізді бөлек камерада ұстады. Асылып қалады, өзіне зақым келтіреді деген белдік, қалатамыздағы кілт секілді заттарды алып қалды. Біздің камерада жас студент қыздар, келіншектер, үлкен әйелдер аралас 45 адам болды. Үш күн бойы қамауда жаттық. Тоқтаусыз тергеу, жауап алу. Ақыры қандай болатынын біліп, жанымдағы Раушан екеуміз келісіп алдық. «Сөзіміз бір жерден шықсын, Орталық алаң маңында менің сыныптасым бар, соның үйіне келе жатырмыз деймін, сен еріп келдім дейсің» деп айттым. Ас-сусыз отырдық. Басқа камералардан адамдардың қинаған, ыңырсыған дауыстары, темір ыдыспен ас ішкен дауыстары естіліп жатады. Жедел жәрдеммен алып кеткенін де естіп жаттық. Бізге тамақ бермеді.
Үш күн дегенде қамаудан шықтым. 15 минуттан кейін жанымдағы қыз да шықты. Қалтамызда ақша жоқ. Ол кезде автоматқа ақша салып сөйлесетін уақыт. Өткен-кеткен адамдардан ақша сұрап, жатақханаға қоңырау шалдым.
Ол жақ шулап жатыр. Кеткен қыздардың екеуі жоқ, аты-жөндеріңді техникумға іліп қойды деді. Барғасын аман келгенімізге қуанып, шулап қарсы алды.
Сонымен не керек, желтоқсан, қаңтар айларында шу басылмады. Жоғарғы соттың шешімімен Қайрат Рысқұлбековтермен бірге сотталған Жамбыл Тәжімаев дейтін студентті алып кетті. «Фотоға түсіп қалған» деген жалаумен соттталып кетті. Бізге де маза бермеді. Күнде тергеу шақырады, алдымызға альбом қойып, арасынан «танитындарың бар ма?» деп сұрайды. Танысақ та, танымасақ та танымаймыз дейміз.
Ауылдағы ата-анамызды да Сексеуілде тергеп-тексеріпті. Соңында комсомолдан, жатақханадан шығарды. Әуре-сарсаңға түстік. Ата-анамыз уайымдайды. Күнде жылап хабарласады. Осылайша 1988 жылы оқуымды бітіріп, Сексеуілге келдім. Мектепке есепші болып жұмысқа қабылдандым. Сол кезде де тексеру жұмыстары тоқтамады. «Үгіт жасап жүрген жоқ па?»дегендей сұрақтар қойып, әлсін-әлсін басшымыздан, әріптестерден мен жайылы мінездеме алдырып отырды. Мектеп директоры да «жауапты жұмысқа қалай ғана алдым» дегендей уайымын да жасырмай айтатын.
Бірақ жылдар өтті, егемендік алдық. Уақыт ақиқатты айшықтап берді. Бізді қоғам батыр санай бастады. Мектепте «желтоқсан ардагері» атандық. Жыл сайын марапат беріп, құрмет көрсетті.
Мен ақталуды да білмеппін. Кейіннен жолын естідім. Алматының прокуратурасына арыз жазып, осыдан 2 жыл бұрын 38 жыл дегенде ақталып шықтым. Өткеннің бәрі өтірік сияқты өмір сүреміз. Бала-шағымызға қарап, олардың бейбіт, бақытты өмір сүргеніне қуанамыз. Бірақ өткеннен қалған естеліктерді санадан жуып тастау қолдан келмейді екен, – дейді.
Иә, егемендікті еншілеп берген алғашқы ерліктің кейіпкері жолдасы Мұхит Сербаев екеуі ақ жаулықты ана, ақ тілеулі әже, ақ баталы ата атанып отыр. Мұхит ағамыз бүгінде ел экономикасының күре тамырына айналған теміржол саласын өркендеріп, депода қызсап келе жатса, Аймагүл апамыз кәсіпкерліктің көкжиегін кеңітуде. Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеген өнегелі отбасының асыл тіреулері қыз ұзатып, келін түсіріп, 2 немере, 1 жиен сүйіп отыр.
Міне, биыл 40 жыл. Желтоқсанның мұздаған алаңында қалған олардың іздері уақыт өткен сайын өшкен жоқ. Керісінше, ұрпақ санасында тереңдей түседі. Ол шақтар өткеннің ғана емес, бүгіннің де сабағы, еркіндіктің бағасын ұғындыратын тағылым, қазақ жастарының жүрегінен тұтанған тәуелсіздік алауы.Сол алау сөнген жоқ және сөнбейді де. Қазақстанның көк байрағымен бірге желбіреп тұра бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









