Ұлт перзентін ұлықтау – абыройлы парыз
Ел жадында есімі ерекше сақталатын жандар болады. «Адам артынан із қалдыру үшін, болашақ ұрпағына, жер бетіне басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде ұмытылмастай із қалдыру үшін туады» деген екен бір ғұлама. Осы сөздің мән-мағынасын да Дінмұхамед Қонаев өз ісімен, халқына адал еңбегімен дәлелдей білді.
Ол осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1912 жылдың 12 қаңтарында қазіргі Алматы, сол кездегі Верный қаласында өмірге келген. Ол 1930 жылы Алматыдағы №14 мектепті тәмамдап, Мәскеудегі түсті металл институтына оқуға түседі. Елге оралған соң Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде жұмыс істеп, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болады.
1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі — Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін абыройлы атқарады.
1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім артып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі әрі президенті етіп сайлайды. Ол 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарады.
1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалады. Сол кезде Орталықтың бұл шешіміне наразы болған қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы орын алған болатын.
Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол кез күрделі қарама-қайшылықты уақыты болғанымен, ол билік басында отырып елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтарлықтай еңбек сіңірді.
Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде Дінмұхаммед Ахметұлы өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының дамуына атсалысты. Әлеуметтік және экономикалық салаларымен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениет салаларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірді.
Елімізде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді, кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын еселеніп отырды. Дінмұхаммед Ахметұлының қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді.
Кемеңгер тұлға металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттыруға өзіндік үлесін қоса білді. Сол кездегі еліміздің ірі қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Ол біршама ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізіп, бұл еңбегінің халық шаруашылығына пайдасы зор екендігін дәлелдеген жан.
Сонымен бірге Дінмұхаммед Ахметұлы қазақ мәдениетінің дамуына орасан зор ықпал етті. Қаншама өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері қызметін бастандырды. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Д.Ахметұлы ғылым саласына қолдау көрсетіп қана қоймай, сол ғылымның, Қазақстан экономикасының дамуына өзіндік үлесін де қоса білді.
Қазақта "Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады" деген мақал бар. Дінмұхаммед Ахметұлы сол айтылғандай, туған елінің бағына туған адам. Оған басты қасиеттері – адамсүйгіштігі, әділеттілігі, биік адамгершілігі, нақтылығы, істі терең білуі дәлел бола алады. Осындай абзал жан туралы жазушы Геннадий Толмачев: "Шынын айтайын, Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңғаларлық сана, шалқыған қайырымдылык, көңілді болмыс тән еді", – деген еді бір жазбасында.
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде 82 жасқа қараған шағында өмірден озды. Уақыт алға жылжыған сайын Д.А.Қонаевтың есімі еліне, қалдырған еңбегі даралана, айрықша бағалана бермек.
К. Махсұт