Алкоголь саудасында заң талабы қатаң
Алкоголь өнімдерінің айналымы – мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынған салалардың бірі. Өйткені мұнда кәсіпкерлік талаптарын сақтау ғана емес, халықтың денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де қатар қарастырылады. Осыған байланысты алкоголь өнімдерін заң талаптарын сақтамай, тиісті лицензиясыз сату кәсіпкер үшін әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.Қазақстан Республикасында этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру және олардың айналымы арнайы заңнамалық тәртіппен реттеледі. Бұл бағыттағы негізгі құқықтық құжат – 1999 жылғы 16 шілдедегі «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Аталған заң алкоголь өнімдерін өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу тәртібін белгілеп, осы саладағы мемлекеттік бақылау мен лицензиялау талаптарын айқындайды.
– Алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізу үшін кәсіпкердің тиісті лицензиясы болуы – басты талаптардың бірі. Дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өту алкоголь өнімдерін сатуға автоматты түрде құқық бермейді. Яғни азық-түлік дүкені немесе өзге де сауда нысаны заңды түрде жұмыс істеп тұрғанымен, алкоголь өнімдерін өткізу үшін арнайы лицензия рәсімделуі қажет, – дейді Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық әкімшілендіру және есепке алу, талдау бөлімінің басшысыӘділхан Тілеулесов.
Тиісті лицензиясыз лицензияланатын қызмет түрімен айналысу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда Кодекстің 463-бабы қолданылуы ықтимал. Құқық бұзушылықтың нақты мән-жайына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай әкімшілік жаза белгіленеді. Сонымен бірге заңсыз айналымдағы алкоголь өнімдерін тәркілеу мәселесі де туындауы мүмкін.
Сондықтан кәсіпкердің «дүкенім заңды жұмыс істеп тұр» деген уәжі алкоголь өнімдерін лицензиясыз сатуға негіз бола алмайды. Лицензия талаптарын алдын ала орындау – кәсіпкерді кейінгі жауапкершілік пен қаржылық шығындардан сақтайтын маңызды қадам.
– Алкоголь өнімдерінсататынсаудаорындарына да бірқатарталапқойылады. Мәселен, алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізетін объектілер білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, спорттық және сауықтыру объектілерінің, жанармай құю станцияларының, сауда базарларының, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарынан тыс орналасуға тиіс, - дейді Әділхан Тілеулесов.
Осы талаптарды ескере отырып, кәсіпкер лицензия рәсімдемес бұрын өзінің сауда объектісінің белгіленген нормаларға сәйкестігін тексеруі қажет. Лицензияның болуы ғана жеткіліксіз, алкоголь өнімін сату кезінде заңнамада белгіленген барлық талап кешенді түрде орындалуы тиіс.
Сонымен қатар сатылатын өнімнің заңдылығы мен сапасына да ерекше мән беріледі. Алкоголь өнімінің шығу тегі, сәйкестігі, таңбалануы және айналымына қатысты құжаттары болуы қажет. Кәсіпкер тауарды қайдан сатып алғанын растайтын құжаттарды сақтап, өнімнің заңды жолмен алынғанына көз жеткізуі тиіс. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін немесе заңсыз айналымдағы өнімді сатуға жол берілмейді.
– 2026 жылы алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензиялық алым да белгіленген мөлшерде төленеді. Қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша Астана қаласында, республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында – 100 АЕК, басқа қалалар мен кенттерде – 70 АЕК, ауылдық елді мекендерде 30 АЕК мөлшерінде лицензиялық алым белгіленген. Кәсіпкер лицензия алу барысында өзінің сауда объектісі орналасқан елді мекеннің санатына сәйкес мөлшерлемені анықтауы қажет.Лицензия алу процесі электрондық форматта жүргізіледі. Кәсіпкер тиісті мемлекеттік электрондық қызмет арқылы өтініш береді. Өтінішпен бірге лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттар, сауда объектісіне қатысты мәліметтер және заңнамада көзделген өзге де ақпарат ұсынылады, – дейді салық маманы.
Алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды мәселе – тауарды заңды жеткізушілерден алу. Өнімнің құжаттары мен таңбалануына назар аудару, тауардың заңды айналымда екеніне көз жеткізу – кәсіпкердің жауапкершілігіндегі міндеттердің бірі.
Алкоголь өнімдерін өткізу – кез келген сауда түрі секілді еркін жүргізіле беретін қызмет емес. Оның өзіндік тәртібі мен талаптары бар. Лицензияны уақытылы рәсімдеу, сауда орнының белгіленген нормаларға сәйкестігін қамтамасыз ету, өнімнің сапасы мен заңдылығын растайтын құжаттарды сақтау – кәсіпкер үшін маңызды.
Заң талаптарын сақтау, ең алдымен, кәсіпкердің өзінің мүддесіне сай. Себебі талаптарды елемеу әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, тауардың тәркіленуіне және өзге де заңда көзделген шараларға әкелуі мүмкін. Сондықтан Арал ауданындағы алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлер заң талаптарын мұқият сақтап, өз қызметін белгіленген тәртіппен жүргізгені абзал.
Заңға бағынған кәсіпкерлік – тұрақты әрі жауапты кәсіпкерліктің негізі. Ал алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу – мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлер мен тұтынушылардың да ортақ міндеті.
Н.МАРАТҚЫЗЫ










