Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арақты заңсыз жасайтын 47 цех анықталды - ҚР Қаржы министрлігі

Арақты заңсыз жасайтын 47 цех анықталды - ҚР Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2017 жылы арақ-шараптың заңсыз айналымы бойынша 200-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне Қаржы министрлігінен мәлім етті.
«2017 жылы алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 217 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, 173 қылмыстың беті ашылды. 2016 жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс және тәркіленген, есепке ілікпеген алкоголь өнімдерінің өсуі байқалады. Бұл тұрғыда, осы фактілерді анықтауға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылғы қазанда ұйымдастырылған ауқымды тексеру көмегін тигізді. Сонымен қатар, атқарылған жұмыс бюджетке түсімдердің аударылуына оң әсерін тигізді, олардың сомасы 2016 жылғы 29 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге дейін немесе 30 пайызға өсті», - деп атап өтілген ведомствоның мәліметінде.
Белгілі болғандай, алкоголь өнімдерін дайындау жөніндегі 47 жасырын цехтың жолы кесілді, олардың негізгі көлемі Алматы қаласының (13) және Алматы облысының (11) аумақтарында орналасқан.
«Көлеңкелі айналымнан 8 698 007 дана алкоголь өнімдерінің шөлмегі, 3 457 752 жалған есепке алу-бақылау маркалары, сондай-ақ 345 867 литр спирт тәркіленді», - делінген министрліктің хабарламасында.
Тәркіленген алкоголь өнімдерінің ең көп саны келесі өндіру зауыттарына тиесілі: «Евразия Элит» ЖШС (ОҚО) - 1 033 322 шөлмек; «Максимус» ЖШС (Ақтөбе) - 270 188 шөлмек; «Геом» ЖШС(Ақтөбе) - 824 643 шөлмек; «БН» ЖШС (Алматы облысы) - 540 380 шөлмек; «ПВЗ» ЖШС - 3 235 427 шөлмек. Аяқталған қылмыстық істер бойынша белгіленген зиян 663,9 млн теңгені құрады, оның 42,5 млн теңгесі өндіріп алынды. Естеріңізге сала кетейік, осы ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев алкоголь өнімдерінің көлеңкелі айналымымен күресті сынға алған болатын. 
18 ақпан 2018 ж. 1 300 0