Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдынды өлкенің ажары

Айдынды өлкенің ажары

Әлем картасынан ойып тұрып орын алған Аралдың облыстағы өзге аудандардан атауы жаһанға мәлім. Содан да шығар теңізімен танылған киелі мекенге аялдайтындардың қатарыкеміген емес. Үстіміздегі жылы жергілікті журналист Абай Елештің «Көненің көзі десек те, жаңаны жатсынбайық» деген тақырыптағы мақаласын оқып, айдынды өлкенің ажары саналған теміржол вокзалы жаңадан тұрғызылғалы жатқанын естіген едік. Сол кезде аудан басшысының жаңашыл қадамын дұрысқа балап, кеңес үкіметі кезінде бой көтерген стратегиялық нысанның заманауи үлгіде еңсе тіктейтініне қуанғанбыз.
Оның себебі де бар. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Берері мол бастама сол жаңашылдықтың айқын айғағы. Сырт көз сыншы. Қалаға келген жолаушылар осы вокзалға түсіп, мақсаты мен шаруасы жетегінде діттеген ісіне кіріседі. Әсіресе алыс-жақын шетелдерден келетін туристер патша заманындағы вокзалды көріп, «жасампаз Қазақстанның бет-бейнесі осы»деген көзқараста қалатыны анық.
Өзгердік күн санап көкжиегі кеңейген ауданның бас қаласының сәулетіне сәулет қосылды. Алыстан мен мұндалайтын жаңа вокзал ел игілігіне жарады. Осынау баянды іске ұйтқы болған үкіметтің оң саясатына тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сондай-ақ облыс, аудан әкімдерінің іскерлік болмысына тәнтімін!
Жалпы жаңалық десе елеңдеп қалатын әдет қанымызда бар. Кеше вокзал ашылады деген хабардан құлағдар болып, «жақсыны көрмекке» деген ниетпен сол жаққа бардым. Бәрі тамаша! Құрлысшылар қауымының өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындағаны көрініп тұр. Жолаушыларғабар жағдай жасалған. Күту залы да талапқа сай. Бұдан бөлек вокзал алдындағы алаң адам танымастай өзгерген. Көрген жан еріксіз таңдай қағатын жаңа вокзал айналасына самаладай жарық шамдар қойылған. «Арал» сөзі бейнеленген заманауи стильдегі қоршаулар орналастырылған.
Иә, жаңалық деп осыны айт. Айдынды өлкенің ажары айшықтала түскені жақсылықтың нышаны. Лайым жағалау жұртшылығы осындай жағымды жаңалықтарға куә болып, ауданның өсіп-өркендеуін аңғартатын айтулы істерге қаныға бергей!
Әмірхан САҒЫМБАЕВ
19 қыркүйек 2026 ж. 59 0