Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрткүл дүние теңіз төскейіне көз тікті

Төрткүл дүние теңіз төскейіне көз тікті

"Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейтін халықпыз. Айдынды Аралға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері атбасын бұрып, облыстағы қала статусы бар  Аралдың жайын бағамдап, келешегі туралы толғанатынын естігенде қуанбаған жан қалмаған шығар. Расымен де біз ерекше ауданбыз. Жаһан картасында өзге емес, аралдықтар мекен еткен қасиетті теңізіміз ойып тұрып орын алған.
    Кезінде ақжал толқыны жағаға ұрып, тереңнен су маржанын терген балықшы қауымның абыройын тасытқан көк теңіз тартылғаннан бері нендей шара қолға алынбады десеңізші. Кенезесі кепкен Аралдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жалғыз біз емес екеніне ішің жылиды. Көріп те, біліп те жүрміз. Бұл тақырып әлемдік деңгейде қаузалып, талай рет биік мінбелерде тілге тиек етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымында Аралдың ахуалын әлем назарына салды. Халықаралық Аралды құтқару қоры осы мәселе төңірегінде туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап іздеді.
Міне, соның бір айғағы ретінде таяуда ауданымызға елдестірмек елшіден деген тәмсілді ұстанған саясаткерлер келіп, жаңғыру жолындағы Аралдың қазіргі бейнесіне қанықты. Жасыратыны жоқ, «сырт көз сыншы» дегендей, әдепкіде нендей пікірмен келіп, қандай оймен қайтады деген күмән болғаны рас. Өйткені, облыс тарихында бір мезетте осыншама мемлекеттің елшілері аялдап, бір мақсатта пікірлесу бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Қобалжудың сыры да осында жатса керек. Алайда, қазаққа тән қонақжай болмыс пен ыстық құшақты сезінген шетелдік ресми қонақтар бас шайқап таңданысты. Қазақтың салт-дәстүрлеріне терең бойлап, дала заңының бұлжымас қағидаларымен танысты. Нақтырақ тоқталсақ, шетелдіктер асық ату, жүн сабау, ұршық үйіру сынды дәстүрімізге терең бойлап үлгі аларлық жерлерін жүрек кестесіне тоқыды. Қысқасы Қазақстанға оның ішінде Аралдай айдынды өлкеге үлкен миссия аясында ат басын бұрғандарына қуанды.
 Президенттің және облыс, аудан басшысының айтып жүрген теңіз проблемасын зерделеді. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін алдағы міндеттерді елеп-екшеді.
Атап айтсақ, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің елшілері халықаралық қорлардың демеушілігімен Арал теңізінің құрғаған алқаптарына сексеуіл егу жұмыстарына өз қолтаңбаларын қалдырды. Аралдың тағдыры – адамның тағдыры екенін қаперге алған қонақтар теңіздің жағдайына бір ғана мемлекет емес, барша әлем алаңдаулы екенін ұғынды. Бастысы, Арал теңізі және Кіші Арал теңізінің климаттық жағдайын жақсартуға негізделген шаралар күллі тіршілік иесі үшін асқан маңызға ие екенін білді.
Кіші Арал теңізін сақтап қалу жобасының жемісіндей жағалау жұртының қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдайын бір кезеңдегіден әлдеқайда жақсарғанын атап өтпеске болмас. Атадан балаға мирас болған балықшылық кәсіп жанданып, теңіз анадан нәпақа тапқандар саны артқан. Барлығы да Кіші Аралға үмітпен қарайды, осы теңізді анасына балайды.
Хош... Шетелдіктер 95 жылдан астам тарихы бар ауданның орталығы Арал қаласында да көп жәйтке қанықты. Әсіресе, Кеңес дәуіріндегі балықшылардың жанкешті еңбегін дәріптеген «Балықшылар аллеясына» да тарихи құжаттарға зер салды. Үстіміздегі жылы 100 жылдығын атап өтетін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйіне тоқтап, Алаштың төрткүл дүниеге танылған қаламгердің шығармаларын санаға құйды. Жаңарған, жасарған Аралдағы оң өзгерістерді таразылап, жарқын жобаларға, баянды бастамаларға тілектестіктерін білдірді.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев пен облыстық деңгейдегі тиісті сала басшылары барлығына дерлік Сыр еліне, соның ішінде Арал ауданына жасалған шетелдіктер сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқандары үшін зор алғысын айтып, биылғы жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өткенін, осы ұтымды сәтті пайдалана отырып, Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік экологиялық проблемаларды шешуге белсенділікпен үн қосуға шақырды.
«Елде болса ерінге тиеді». Халықаралық қордың биылғы жылы бүйрегі өзіміге бұрылары айтпаса да түсінікті. Яғни, бірлесе іс қылғанда ғана ортақ мақсат орындалатыны анық. Ендеше, еліміз бауырлас мемлекеттермен бірге Аралдың жағдайын жақсартуға жұдырықтай жұмылып, ұтырлы шешімдер, ілкімді істер арқылы теңіз-ананың арнасын толтыруға теңізге құйған тамшыдай үлесін қосады деп санаймыз. Лайым, жағалауда ақ қанат шағалалар қалықтап, балықтың түр-түрі шорши бергей. Көрген түстей болған маяк шамы жағылып, кемелер гудогы естілетін күн туғай. Бұл әрине әзірше орындалмас қиялдай көрінер. Алайда, қиял бір нәрсеге сүйенгенде ғана туындайды. Арман бір ұшқынды аңғарғанда ғана асқақтайды. Барша аралдықтар соны армандады. Теңізбен тағдырлас халыққа баға жетпес тосын сыйдай айдынымыз толып, өлкенің табиғаты жасыл желекке бөленсін деп тілейік!
А. ЕЛЕШОВ

20 сәуір 2024 ж. 243 0