Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықты шалқытқан, теңізді толқытқан жоба

Халықты шалқытқан, теңізді толқытқан жоба

...Тартыла бастағанына 40 жылға жуық болған Арал теңізіне жағалау жұрты ғана жүрексіне көз тіккен жоқ. Әлем абдырды. Жаһандық мәселеге айналған айдынның жайына қаншама кең маңдай ойшылдар да бас ауыртты. Үлкен мінбелерде адамзат баласына ортақ теңіз туралы талай мәрте сөз қозғаған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайткен күнде де кенезесі кепкен теңіз ұлтанына су келтірудің жолдарын қарастырды. Ойланды, толғанды. Саясаттағы салмағын ескерген өзге де мемлекет басшылары оның көтерген ұсынысына үнемі қолдау танытып жүрді...
Иә, бас тақырыпты тектен-тек қой­ға­нымыз жоқ. Кешегі шағалалар сорға қон­ған ауыр кезең артта қалғалы қа­шан. Халық шалқып тіршілік кешу үс­тінде. Ақжал толқыны жағаға ұрған те­ңізден нәпақа табушылардың да қа­ра­сы қалың. Бір сөзбен айтқанда, бір за­ман­дары аштық құрсауында қалған көр­шілес ағайынға тәуліктің ішінде 14 вагон балық жөнелткен балықшы қауым­ның ұрпағы атадан балаға мирас бол­ған кәсіпті дөңгелетуде. Шүкір, дей­ді. Мұнан да жаманында тойға бар­ған­дарын жиі айтады. Қаратерең, Қа­ра­шалаң, Жаңақұрылыс, Бөген, Аман­өткел, Қосжар, Қамбаш секілді ауыл­дық округтерде бұрынғы жатаған кел­ген қазақы үйлердің орнын еңселі бас­паналар ауыстырған. Төрт түлік те өріске толған. Ескі-құсқы көліктер метал­лоломға айналып, орнына сүйріктей темір тұлпарлар мінгендердің саны көп.  Қайығын майлап, ау-құралын сайла­ған сол балықшылардың еңбегі еш кет­пей, тұрмыс жағдайлары да жақ­са­ра түскен. Әлеуметтік нысандар да көп­теп бой көтеріп, жаңа мектеп, жаңа ау­рухана, жаңа балабақша халыққа есік ашып, қаншама жан аталған меке­ме­лерде жұмыс жасауда. Артыңнан ақ­шаң­дақ ілестіретін жол таппайсың. Маңыз­дылары  асфальтталған.
Сонымен, мұның барлығы дерлік «САРАТС» жобасының нәтижесі тұ-ғын. Ұлт Көшбасшысы «Сырдария өзе­нінің арнасын реттеу және Арал те­ңі­зінің солтүстік бөлігін сақтау» жо­ба­сын өмірге әкеліп, осынау баға жетпес іс ғасыр кереметіне баланып үлгірді. Ау­қымды жоба 2003 жылы басталып, Көк­арал бөгеті тұрғызылды. Елінің жоғын жоқ­тап, қамын күйттеген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 2005 жылдың сәуі­рінде Арал ауданына арнайы келді. Сон­дағы жергілікті тұрғындардың қуанғанын айтсаңшы. Орталық алаңда халықпен жүздескен тарихи тұлға елді бірлікке ша­қырып, өз қолымен сапалы ауыз суды іске қосты. Артынша, табиғаты көркем Қосжарға барып, жақсылық ниетпен көл­ге сырғаланған бекіре балығын салды. Ол кездесуде де қаумалаған ел болмысы бөлек жанның қолынан алуға асықса, енді бірі–перзентханадан кеше ғана шыққан баласына есім қоюды сұрады.     
Қарап отырсақ, өткен күндер тарих. «САРАТС» атты жарқын жобаның ше­репеті негізінде жойылып кеткен балық түрлері қайта көрінді. Нақтысы, «Арал теңізін қалпына келтіру және өңірлік да­мыту» бағдарламасының жобасы зер­де­леніп, қазіргі таңда мамандар тиісті жұ­мыс­тарды қолға алуда.
Жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аралдықтар жа­нынан табылғаны көптің есінде. Тәуел­сіз еліміздің  Премьер-Министрі ре­тін­де келген сол жұмыс сапарында сая­си аренада өзіндік орны бар Кемелұлы «САРАТС» жобасының тиімділігін жан-жақты талқылап, ортақ іске жұмылудың маңыздылығын алға тартқан еді. Іле-шала Президент пәрмен беріп, Үкімет қолдау көрсетіп, көптеген қаржылық ұйымдар тиімді іске ақша аудару жолдарын қарас­тыра бастады. Қысқасы, күрмеулі істің түйіні тарқатылды.
Бүгінгі күні салыстырмалы түрде айта кетсек, 2000 жылы тереңнен ау­лан­ған су маржандары 400 тоннаны әрең құраса, қазір бұл көрсеткіш 20 есе­ге ұлғайып, балық аулау жұмысы ай­рық­ша қарқынмен еселене түсті. Ау­дан­ның экономикалық жағдайы жыл сайын жақсарып, жылдық қуаты 18 мың тон­на­дан астам балық өңдейтін 7 зауыт іске қосылды.
Кеше мен бүгінді таразыласақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз. Аралдың екін­ші тынысы ашылып, ақ қанат шаға­ла­лар мен сан алуан құс біткен Кіші Арал­ды төңіректеп, айналаны әсем үнге бөлейді. Бұған қалың жұртшылық іштей шат­танады. Себебі, қазақтың қайсар ақыны Зейнолла Шүкі­ровтің:
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақ пейіл анам секілді,
Алдыңда жатыр далам кең... деген жырын жүрек кестесіне тоқыған олар туған жерді жер жәннатына балайды. «Мен Аралға көмектессем деген ар­ма­ны­ма жеткеніме қуаныштымын» деген Елба­сының қанатты сөзін саналарынан шы­ғармайды. Еңселі ертеңге сенеді.
А. Елеш
14 мамыр 2019 ж. 1 008 0