Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕНІҢ КӨЗІ ДЕСЕК ТЕ ЖАҢАНЫ ЖАТСЫНБАЙЫҚ

КӨНЕНІҢ КӨЗІ ДЕСЕК ТЕ ЖАҢАНЫ ЖАТСЫНБАЙЫҚ

...Кіріспесіз әңгімеге сән кірмес. Кеше ғана мезгіл мінбері жайдары жазды қоңыр күзге алмастырды. Сол бір баршаға жаймашуақ көңіл күй сыйлаған маусымда "вокзал бұзылғалы жатыр екен" деген сөз әлеуметтік желіде желдей есті. Көп көкейіндегі сан сауалға жауап іздеу мақсатында кәсіби міндетімізбен қолға қалам алдық. Атқарушы билікпен, яғни сондағы жауаптылармен тікелей байланыста болатын біз де көтерілген мәселеден құлағдар едік. Елу жылда ел жаңа. Уақыт талабы осылай деп меңзесе кім жөн демес? Қысқасы, Арал ауданы бойынша Арал қаласындағы және Сексеуіл кентіндегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты жобалау ұйымы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК Акционерлік қоғамының тапсырысына сәйкес жоспарлы бастаманың келісімі егжей-тегжей екшеліп,жасалды. Патша дәуірінің көзіндей теміржол вокзалының тек сүйегі мықты демесек, былай қарағанда XXI ғасырдың құрлыс талабына ешқандай сай келмейтін де еді...Қош. Стратегиялық нысан саналған Арал теңізі вокзалына келдік, көрдік. Уақыт өз ағымымен өтіп жатыр. Тек бір өзгешелік кешегі вокзалдың орны қарбалас қарекет. Орынбор – Ташкент теміржолының құрлысын салуды Патша үкіметі 1878 жылы жобалаған деседі. Міне, одан бері де қаншама өзен сарқылды, қаншама тау мүжілді. Азия елдерін отарлау саясаты осылайша теміржолдың тартылуымен толық жүзеге асты. 1901-1905 жылдары қыруар қол күші Орынбордан Ташкентке дейін тоқтаусыз жұмыс жалғастырып, ақырында сәтті аяқтады. Бұл жөнінде патша көңілді оқырман қатпарлы тарих беттерінен қанық екені анық.
Жақсының да, жаманның да табаны тиген перрон үстіндемін. Жақын тұста жаңа вокзал салуға айрықша қарқынмен кіріскен құрлысшы қауымы. «Археология-КЗО» халықаралық ғылыми зерттеу орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген техникалық сараптама қортындысына сәйкес вокзалдың ғимараты бүгінгі таңда техникалық жағдайы апаттық деп танылған. Сол себепті жергілікті әкімдікке Арал қаласындағы теміржол вокзалын тарихи және мәдени ескерткіштер қатарынан шығару ұсынылған. Адам өмірі бәрінен қымбат. Қате аяқ астынан. Апаттық жағдайдағы ғимарат ішінде пойыз күтіп отырудың өзі көңілге қорқыныш ұялатады. Міне, вокзал төңірегіндегі алып-қашпа қауесеттің анық сипаты осында жатыр.
Соғыс жылдары. Ел басына күн туған нәубет кезде он екі мыңдай жайсаң жандар қызыл эшелонға мініп, майдан даласына осы жерден аттанған. Олардың тілеуін тілеген ағайыны дәл осы маңнан сарғая күтіп, жолын тосқан. Батыстан оянған аждаһаны ініне қайта тығып, жеңіс жалауын желбіреткен жауынгерлер біз тілге тиек еткен вокзалда бала-шағасымен бірге бөркін аспанға атқан.
Үстіміздегі жылы 95 жылдық мерейтойы ұйымдастырылатын «Толқын» газетінің тұңғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаев көкеміз 1930 жылдың күзінде ақпарат айдынына желкен керуге қам жасаған. Осылайша жағалау жұртының қажеттілігі үшін артынып-тартынып, баспаға қажетті құрал-жабдықтарымен «Арал теңізі» станциясына жеткен. Сол сара жол жемісті жалғасып, бүгінде аудан айнасы деп табылған басылым уақытпен үндесіп, тарихпен тілдесуде.
Иә, қимас қоштасудың да, сағына қауышудың да куәсіне айналған вокзалда көп нәрседен сыр бағып тұрмын. Аралдың мақтанышы Зейнолла Шүкіров ақынның «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» деген әйгілі өлеңін еске түсіріп, тағдырлар тоғысының бастауы саналған вокзалдың ішке түйген сыры да, беймәлім қыры көп екеніне еріксіз бас шайқадым. Мақала барысында айтқанымыздай басталған жұмысқа жауапты Арал аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысыЖанқожа Құдайбергеновпен хабарласып, біраз жайтқа қанықтық. Ол төмендегідей дәйек пен деректі алға тартты. Қолда бар мәліметтерге көз жүгіртіп, қолға алынғалы тұрған құрлыстың маңыздылығына тағы бір мәрте ұғына түстім. 
Шынымен де заман өзгерген. Адамның ойлау деңгейі ғарышты шарлады. Ендеше аралдықтар неге жаңашылдыққа ұмтылмасқа. Көненің көзі десек те жаңаны жатсынбау қажет-ақ. Ескі вокзалдың сүріліп,орнына екі қабатты заманауи үлгідегі вокзал салынуы – құптарлық іс. Құрлыстың жалпы ауданы – 1102,86 м2, ал биіктігі – 6,3 м. Ғимарат бөлмелерінің бөлінісінен байқағанымыздай келушілерге бар мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтсақ, күту залы, сауда нүктесі, касса, балалар ойын алаңы, қоғамдық тамақтану орны және отбасы мүшелерімен бірге күту бөлмесі қамтылған. Мұнан бөлек бұл жерде төтенше жағдайдың алдын алу, медициналық көмек көрсету орындары да жасақталған.
Уақытша орналасқан вокзалдың басшысы отырған бөлмеге ендім. Жасқайрат Мамбетәлиев жылы қарсы алды. Тақырып аясындағы көпті толғандырған әңгіме жан-жақты өрбіді. Сосын :
– Арал теңізі вокзалы «ҚТЖ»ҰҚ» АҚ – «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне» қарайды. Ұжымда жиырма адам еңбек ету үстінде. Арал теңізі станциясынан тәулігіне оннан астам жолаушылар пойызы өтеді. Тарқатар болсақ,халықаралық үш жұп, отандық тоғыз жұп пойызы бар. 2025 жылдың сәуір айында Арал теңізі вокзалын жаңғырту бойынша жұмыстары басталды. Вокзалдың жаңаланатынын естіген мекемедегі аға буын да, жас буында айрықша қуанды. Себебі іргесі қаланғанына жүз жиырма жыл толатын ескі ғимарат әбден тозған-тұғын. Қысқасы, қызмет көрсету талапқа сай келмейтін. Негізінен темір жол вокзалы заман ағымына қарай жабдықталуы тиіс. Алдағы күндері салынып, халық игілігіне жарайды деп күтілген вокзалда барлық талап бар. Жүргінші жолаушыларға да жағдай жасалған, – деп ойын түйіндеді. 
Расымен ұжым мүшелерінің жүзінен қуаныш көрдім. Қолға алынған шаруаның уақытылы әрі сапалы орындалғанын асыға күтіп жүргендері сөздерінен аңғарылады. 
Қалың ой құшағындамын. Аяңдап келемін. Бір тылсым құдыретпен сырласқанымды ешкімнің бұзбағанын қалайтын секілдімін. 
Жақсы да өткен бұл жерден, жаман да өткен,
Сырғыды ғой қаншама жаз бен көктем.
Ескі нысан жаңаша кейіпке еніп,
Ғимарат пайда болсын елім күткен.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ
06 қыркүйек 2025 ж. 80 0