Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілермен семинар өткізді
Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Ж. Қаратаев және Мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ж. Қуатов бірқатар салалық бөлімдердің ұжымдарымен онлайн түрде семинар өткізді. Атап айтқанда, бұл жиынды дербес бөлімдер мен қала, кент және ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Онлайн семинарда Ж. Қаратаев мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын қатаң ұстануы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар ол қоғамда өзекті мәселеге айналған лудомания мен құмар ойындардың зардаптарына жеке тоқталды. Бүгінгі таңда бұл тәуелділіктің қызметтік этика мен мемлекеттік қызметшінің беделіне сызат түсіретінін айта келе, заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің ойын бизнесіне қатысуына түпкілікті тыйым салынғанын қатаң ескертті.
Өз кезегінде Ж. Қуатов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіндірді. Ол нақты мысалдарды алға тарта отырып, әрбір қызметкердің заң талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті екендігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, жиын барысында іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемесіне барудан тартыну және әріптестерге өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелеріне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, әдеп нормаларын берік сақтау және заң бұзушылықтарға жол бермеу бағытында өз ойларын ортаға салды.











