Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар тәрбиесі – ел болашағының берік негізі

Жастар тәрбиесі – ел болашағының берік негізі

Елдің ертеңі – бүгінгі жастың қолында. Жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген жауапкершілік пен азаматтық парызды сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Себебі патриотизм – құр сөзбен қалыптасатын қасиет емес. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі білімнен, қоршаған ортаның өнегесінен және туған елге қызмет етуге деген саналы ұмтылыстан бастау алады.
Меніңше, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде әскери-патриоттық бағыттың орны ерекше. Әскер – жас азаматты тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке үйрететін үлкен өмір мектебі. Мұнда адам өзіне ғана емес, қасындағы жолдасына, өз міндетіне, ең бастысы, Отан алдындағы борышына жауап беруді үйренеді.
Мен де әскери салаға қызығушылығымды біліммен ұштастырып, Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусында білім алдым. Кейін Қонаев қаласындағы әскери гарнизонда бөлімше командирі ретінде қызмет атқарып, әскери өмірдің жауапкершілігін сезіндім. Осы кезеңдер маған тәртіп пен талаптың, бірлік пен өзара көмектің адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Патриот болу – тек әскери киім киіп, қару ұстаумен өлшенбейді. Өз Отаныңды құрметтеу – туған жеріңнің тарихын білу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, ана тіліңді ардақтау, елдің заңын сақтау, адал еңбек ету және қоғамға пайдаңды тигізу. Қай салада жүрсек те, өз ісімізді жауапкершілікпен атқарсақ, ел дамуына қосқан үлесіміз сол.
Бүгінгі жастарға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Білім алуға, спортпен айналысуға, түрлі мамандықты меңгеруге, қоғамдық жұмыстарға араласуға жол ашық. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, уақытты бос өткізбей, өзін-өзі дамытуға ұмтылған жас – елдің сенімін ақтайтын азамат болып қалыптасады.
Әсіресе жастар арасында әскери-патриоттық шараларды, спорттық жарыстарды, кездесулер мен пікірталастарды жиі ұйымдастырудың маңызы зор деп ойлаймын. Ардагерлермен, әскери қызметшілермен кездесіп, олардың өмір жолын тыңдау да жас буынға үлкен тәрбие береді. Себебі ерлік пен елдік туралы кітаптан оқу бір бөлек, оны өмір жолы арқылы сезіну бір бөлек.
«Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Сондықтан патриоттық тәрбие ең алдымен отбасынан басталуы керек. Балаға туған жерді сүюді үйрету, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекке жауапкершілікпен қарау – азаматтық тәрбиенің алғашқы баспалдағы.
Жастар – елдің қуаты, мемлекеттің тірегі. Олардың бойында білім мен білікті, тәртіп пен отансүйгіштікті қатар қалыптастыра алсақ, ел болашағының да берік болары анық.
Әр жас жүрегінде «Мен еліме не бере аламын?» деген сауал болуы керек. Өйткені Отанды сүю – ұран емес, күнделікті ісімізден көрінетін азаматтық ұстаным. Туған елге адал қызмет ету, ел тыныштығын бағалау, өз міндетіңді абыроймен атқару – нағыз патриотизмнің белгісі.
Ел болашағы жастарға сеніп тапсырылған. Ендеше, сол сенімге лайық болу – әрбір жас азаматтың парызы.

Данияр ҚОНЫСБАЕВ
13 тамыз 2026 ж. 28 0