Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал өңіріндегі экологиялық жұмыстар жалғасуда

Арал өңіріндегі экологиялық жұмыстар жалғасуда

Арал аймағындағы экологиялық ахуалды жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және құрғаған теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Жуырда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне барып, өңірдегі су шаруашылығының қазіргі жағдайымен танысты.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы су көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Шардара су қоймасына секундына 193,9 текше метр су түсіп, су көлемі 999 миллион текше метрге жеткен. Ал Шардарадан төменгі ағысқа секундына 200 текше метр су жіберілуде. Нәтижесінде төменгі ағысқа секундына 217 текше метр су келіп жатыр.
Облыстағы негізгі су тораптарында да су өткізу көлемі ұлғайған. Атап айтқанда, Қызылорда су торабынан төменге секундына 250 текше метр, Әйтек су торабынан 235 текше метр, Қазалы су торабынан 200 текше метр және Ақлақ су торабынан 150 текше метр су жіберілуде. Ал Арал теңізіне секундына 150 текше метр су түсіп жатыр.
Сапар барысында делегация Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізіліп жатқан жұмыстарды да көрді. Теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында Қазақстан аумағында бірнеше жылдан бері фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәліметке сүйенсек, 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 192,8 мың гектар жер игерілген. Оның ішінде 1991-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен 119,7 мың гектар аумаққа сексеуіл егілді. Бұл іске халықаралық ұйымдар да қолдау көрсетті. Халықаралық Аралды құтқару қорының қаржысы есебінен 1,1 мың гектарға, Германия ынтымақтастық ұйымы арқылы 1,3 мың гектарға, Қазақстан мен Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 57,4 мың гектарға, ал Оңтүстік Кореяның қайтарымсыз қаржысы арқылы 13,3 мың гектарға орман отырғызылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2026 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 миллион гектар алқапқа фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Мұндағы басты мақсат – экологиялық ахуалды тұрақтандыру, тұзды шаңның таралуын тежеу және табиғи ортаны қалпына келтіру.
Экожүйені қалпына келтіру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қаржыландыруы есебінен 500 метр тереңдіктен екі тұщы су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ұңғымалардан шыққан судың жайылған аумағында шөптесін өсімдіктер қаулап, табиғи орта қалыптаса бастаған. Мұның нәтижесінде жабайы аңдар мен құстардың саны да артып келеді.
Алдағы уақытта №1 су ұңғымасы орналасқан 15 гектар аумақта орман тұқымбағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама құрғаған теңіз табанындағы өсімдік жамылғысын қалыптастыруға және экожүйені қалпына келтіру жұмыстарына жаңа серпін бермек.
Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту – табиғатты қорғаумен қатар, аймақтағы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан су ресурстарын сақтау, теңізге түсетін су көлемін арттыру және құрғаған табанды көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Н. МАРАТ
29 қыркүйек 2026 ж. 43 0