Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының диқандары суды тиімді пайдалану жолын қарастырады

Қызылорда облысының диқандары суды тиімді пайдалану жолын қарастырады

Қызылорда облысының диқандары суды ысырапсыз, тиімді пайдалану жолын қарастыратын болды. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аймақтағы егін шаруашылығымен айналысатын құрылым басшыларымен кездесуінде кеңінен айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының әкімдігі Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкіметке хат жолдаған еді. Онда «Шардара» су қоймасынан төменге жіберілетін су көлемін секундына 500 текше метрден 250 текше метрге дейін азайту мәселесі көтерілген.

«Шардарадан» төменге қарай 1-5 тамыз аралығында секундына 450 текше метр су жіберілуде. Бұл жағдайды бұрынғыдан да күрделендіреді. Оны шешу үшін Үкімет деңгейінде жұмыс жасалды. Апта басында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зулфия Сүлейменова, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Өзбекстан Республикасында болып, «Шардара» су қоймасына жоғарыдан қосымша су беру туралы келісімге келді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен алдағы уақытта «Шардараға» жоғары бөліктен секундына қосымща 150 текше метр су түседі деп күтілуде. Ендігі кезекте біз өз тарапымыздан аз суды ысырапсыз, тиімді пайдаланудың барлық шарасын қарастыруымыз керек», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 103 текше метр су түсіп, су көлемі 1,4 млрд. текше метрді құрады. Төменге секундына 450 текше метр су тасталып, облыс шегіне 480 текше метр көлемінде келуде. Осы судың 370 текше метрі егістікке магистральді каналдар арқылы берілуде.

Өткен жылмен салыстырғанда су қоймасындағы су көлемі 704 млн текше метрге аз. Одан жоғары орналасқан су қоймаларындағы судың көлемі 2,6 млрд текше метрге кем.

Енді Қызылорда облысында аудандар бекітілген кестеге сәйкес 88,1 мың гектар күріш алқабының суын биылғы 1 тамыз-9 қыркүйек аралығында тартады.
03 тамыз 2023 ж. 349 0