Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз–ұлағаттың ұясы

Ұстаз–ұлағаттың ұясы

Біздің ауылдың атауы – Қаратерең. Бауыржан Омаров ініміз айтпақшы «нулы жер емес, сулы жерге тән атау».
Айналасын теңіз, дария, көл қоршаған елді мекен. Елді мекеннің алдында айдыны айнадай жарқырап, келбеті келіскен «Кәрітұма» көлі жатар еді де, көл жағалай балықшы ауылы үйлері мекен ететін, сол мекеннің орта шенінде ірі, шикі кірпіштен қаланған, жатағандау мектеп біздің білім ордамыз болатын. Елді мекенді тастай қашқан теңіздің ұлтанынан үрленген құмның астында қалды, орнында «Бұл жерде сіздердің ата-аналарыңыз оқыған мектеп болған» деген сөзді естелік тақта ғана бүгінгі ұрпақты өткен шаққа жетелейді.
Біздер – соғыстан соң іле-шала туылғандар өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде анамыз тігіп берген шүберек сөмкені ұстап, осы мектептің табалдырығын аттадық. Мұғалімдердің барлығы ер адамдар болатын, әйел мұғалімдер де болатыны қиялымызға да кірмей жүрген күндердің бір күні екі бұрымы тілерсегін соққан Ақжарқын апайдың келуі үшінші кластықтардың оқып түсінігін бұзғаны болмаса...
Қазақ тілі мен әдебиетінен сырбаз, салмақты Төлеу Әбеков, Сағидулла Шүйінішбаев, Ақжарқын Тәжімбетовалар сабақ беріп талай тұрғыластарымыздың әдеби өмірде, журналистика, педагогикада өз орындарын табуына жол ашты.
Сахитжан Маханбеталин ағайымыз тарихтан сабақ беретін. Бүгін жақсы дайындалып келіп бестік алсаң, ертесіне қайта сұрап есеппен оқитындарға «бір» деген баға қоя салатын сәттері бізді еш ренжітпейтін, қатал
дық болып көрінсе де, әділдігі басым жататын.
Есеп шығармаса есесі кететіндей, бар көрнекілігі тақта мен бор, транспортер мен циркульдің айналасындағы Елекең, Елубай Құлдияровтың тақта алдындағы өзін ұмытып, түбір асты мен теңдеудің әлеміне кіріп кететін бейнесі қандай... Осы бір еске алу эссесін жазар алдындағы ізденісім кезінде Елекенің әулетінен 20-дан астам ұрпақтың педагогика саласында қызмет ететінін, олардың жеткен жетістіктері мен марапаттарын айтпағанда екі бірдей әулет мүшелерінің «Ы.Алтынсарин атындағы төс белгі» иегері екенін білгенімде көңілімді ризашылық биледі, Елекең еккен дәннің көгеріп, көктегенін мақтаныш еттім.
Бірін бірі толықтырып тұратын жарасымды жұп – Қалыбай Бекенов ағай мен Дәмегүл Оңдабаева апай қандай еді...
Директорлығына қарамастан мектептің ең естияр оқушылары – 8-ші кластықтардан волейбол командасын жасақтап, оқушылармен алаңда жасындай жарқылдап жүретін – Әкімжан Мусин ше?
Ауылдың алдындағы көл қысты күні қатып мұзға айналады, ұл-қызымыз үш шақырым қашықтағы жаңадан ашылған 8 жылдық мектепке конкьимен қатынаймыз, аяқ-киіміміз керзі етік, құр былғары болғасын аяқ тоңады. Сонда соғыстан келген Тұрғанбай Ерниязов ағайымыздың «Балалар, біз соғыста аяғымыз тоңбау ұшін шұлғаудың ішінен газет орайтынбыз» дейтін ақылы әлі күнге жадымызда. Целлофан түске де кірмеген заман болғасын солай айтады екен ғой...
Бізге 4 жыл класс жетекшілік етіп орталау мектептен түлетіп ұшырған химия пәнінің мұғалімі – Кеңес Батамановтың орны біз үшін ерекше. Бірде бір кластасымыздан химиялық элементтің қасиетін айтуды қайта-қайта талап ете бергенінде әлгі байғұстың айтары болмай: «Ағай, мен білсем осында түк қасиет жоқ» деп тауып айтқан сөзіне өзі де жымия күліп 3 қойған сәті әлі де көз алдымда. Ер балалдардың бәріне болмыстары мен мінез ерекшеліктеріне сай өзі қойып алған аты болатын, осы қосымша қойылған аттар кейін көбіміз үшін дәл келді, осы күні ойлап отырсам ол кісі терең психолог адам екен ғой. Қаратерең орта мектебінде ұзақ жылдар директор болды, қарамандағындағы орынбасарларының бірі болдық. Апталық лездемеге бәрін білетіндей болып дайындалып барсақ та, педагогикалық жаңалықтар мен соны тәжірибелерді бізден бұрын біліп отыратындығымен алдымызды орап кететін. Ол кісі де бүтіндей бір педагогтар әулетінің басшысы болды, 2 қызы, 3 келіні, әке-аталарымен қатарласып мұғалімдік қызмет етті, ауылдағысы, сырттағысы бар 21 ұрпақ бүгінде ұстаздықта жүр, олардың педагогикалық өтілі бәрін қосқанда 500 жылдан асып кетіпті.
Кейін бұл қызметке біз де жегілдік. Өміріміздің 40 жылын ұстаздыққа арнадық, біз туралы да шәкірттеріміздің өзіндік бағасы бар шығар, қалаай болғанда да ұстаздарымыздың алдында аласалығымызды мойындаймыз, тұлғалық болмысымыздың қалыптасуына ықпал жасаған аяулы ұстаздарымыз бәріңіз де келместің кемесіне мініп кетсеңіздер де көңіл төрін мекендеп, санада сақталғансыздар.
Ұстаздық туралы талай өлеңдер жазылған, неге екенін қайдам солардың бірде бірі менің (Шакең) Шынтемір Әмиша ағам жазған:
– Ұстазды деме жүр үнсіз,
Бейқам ба десең бар талас.
Ұстаздың жаны тынымсыз,
Ұстаздың ойы қарбалас.
Ұстаздық – төзу күніге,
Кенелу, кему, кешіру.
Өзіңді өртеп күніне,
Жауқазын гүлін өсіру, – деген өлеңіндегідей ұстаз бейнесін толық ашып тұрмағандай көрінеді. Өздеріңізді өртей жүріп сіздер бізді, біз кейінгілерді жауқазын гүліндей жайнаттық, ендігі келешек қазіргілердің ниеті мен қолында екендігіне сенгім келеді.

Д.Т.МАХАМБЕТОВ,
№82 Қаратерең орта мектебінің байырғы ұстазы
Байқоңыр қаласы
29 қыркүйек 2026 ж. 32 0