Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл перзенттерінің өнегелі ісі

Ауыл перзенттерінің өнегелі ісі

"Өмір бір бейне серуен, адам бір көшкен керуен" демекші, біз әңгімелегелі отырған бұрынғы №45 Көнебөген бастауыш мектебі өзімен аттас ауылдың  құттыхана мешіті сияқты болатын.
Бір кездері бұл білім ұясы алғашқыда бастауыш, елуінші-алпысыншы жылдары жетіжылдық, одан кейін қайта төрт жылдық бастауыш мектеп атанған. Тарихы тоқсан жылдан астам болған ескі мектептің есігі тарс жабылғалы да біраз жылдардың жүзі болыпты. Себебі теңіз табаны тартылған кезеңде бала-шаға қамымен сыртқа тіршілік толқынымен көшіп кеткендер қатары көбейіп, шәкірттер саны мүлде азайып, амалсыз мектеп есігі біржола жабылған еді.
Заманында тоқсан шаңырақ түтін түтеткен, әйгілі Қаратүп колхозының орталығы болған бұл ауылдың тағдыры тікелей теңіз-анамызбен байланысты болатын. Ауданда сонау 1928 жылы алғашқы болып ұйымдастырылған Қаратүп колхозы әуелгіде Кіші Қаратүпте, ал отызыншы жылдардың алғашқы ширегінде осы күнгі Көнебөген жерінде желкенін кереді. Сол уақытқа дейін бұл жерде бірде-бір қоныс болмаған көрінеді. Биік құмдауыт төбенің алды көгілдір айдын, арқасы жазық дала болып отырған бұл балықшылар ауылы үлкен жолдан шалғай болатын. Жаздың ми қайнатар аптабында, қыстың қызыл шұнақ аязды, боранды күндерінде бұл ауылдың өз қызығы өзімен болушы еді.
Қалай айтқанда да №45 Көнебөген бастауыш мектебі талай шәкірттердің тұңғыш ұстаханасы болғанын көпшілік жақсы біледі. "Қазақтың Островскийі" атанған атақты ақын, дарынды жазушы Зейнолла Шүкіровтің, Социалистік Еңбек Ері, балықшылар кемесінің ержүрек капитаны Төлеген Әлімбетовтің, белгілі ақын-жазушылар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қуаныш Жиенбайдың, Толыбай Абылаевтың, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Ғанипа Садықова, белгілі тележурналист Болатбек Қожанның, дәулескер домбырашылар, ағайынды Байнияз бен Сайлау Тілеповтердің алғашқы алтын ұя мектебі еді бұл.
Бұрын да, қазір де қоныс қайда болса, оқушы саны жеткілікті болса, білім ұясы да сол жерде болатын және солай. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары алғашқы шәкірттеріне өз есігін айқара ашқан бастауыш мектептің сол кезеңдегі бейнесін көз алдыңа елестету ертегі тәрізді. Тек білетініміз, жадау-жүдеу сол қоғамның тұсындағы білім ұясының қазіргідей материалдық-техникалық базасы қыз жасауындай жалтылдап тұрмағаны анық. Алайда ауыл адамдарының өскелең ұрпағын сауаттандыруға, білім алуға деген ықылас-ниеті жергілікті билікке қозғау салса керек, өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде мектеп ғимараты ауыл дүкенінің бір жақ басына қоныс тепті. Енді оқу бағдарламасы сол тұстағы білім беру заңдылығына сәйкес  жетіжылдық дәрежеге жетті. Бұл жылдары балықшы балаларына Тілеужан Жәнелов,  Қапи Сәңкібаев, Әбжан Нұрмағамбетов, Бақым Өмірсеріков, Назгүл Мамырбаева, Патсайы Назарова, Айша Ермағамбетова жетіжылдық бағдарламаға сәйкес тиянақты білім беруге атсалысқаны мұрағаттық құжаттарда "менмұндалап" тұрғанын көруге болады.
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының ілгері басуына, жыл сайын күрделі және маусымдық жөнделуіне колхоз басқармасының төрағалары Сейілхан Айсауытов, Ұлбибі Балымбетова, партия ұйымының хатшылары Қыстаубай Ембергенов, Аман Жолымбетов, балық аулау бригадирлері Нұрлыбай, алпысыншы-жетпісінші жылдарғы Зиуадин Құрманов, Сансызбай Ахметов, Сержан Жүсіпов және барша ауыл адамдары қозғау болғаны, қол ұшын созғаны қазір ертегі тәрізді.   
1959 жылы 1 қыркүйекте №45 Көнебөген бастауыш мектебінің қасиетті табалдырығын жүрексіне аттаған біздің алдымыздан білім көкжиегіне жетелеген осы оқу ордасының меңгерушісі  Бақым Өмірсеріков, Патсайы Назарова, Айша Ермағамбетова, Назгүл Мамырбаева сияқты ұстаздардың жарқын бейнелері жадымызда сақтаулы. Олардың бар білімі ол кездері педкурс, педучилище дәрежесінде болатын. Соған қарамастан төртінші сыныпқа дейін бізге дене тәрбиесі, арифметика, ана тілі, қазақ тілі, букварь, ән сабақтарынан бастауыштық бағдарлама бойынша ойдағыдай білім үйреткенін әлі күнге дейін сағынышпен еске аламыз. Осыған қарап олардың әр пәнге жетік, әрбір пәнді шемішкеше шағатын әмбебап ұстаз болғанын білуге болатын сияқты. Әсіресе мектеп меңгерушісі Бақым Өмірсеріков ағай бала тілін тез табатын, жан-жақты ұстаз болғандығымен ерекшеленді.
Алпысыншы жылдардың алғашқы ширегінде колхоз тарап, Бөген мемлекеттік балық аулау базасының Көнебөген бөлімшесі атанды. Енді төбесін қара қағазбен жапқан бұрынғы колхоз басқармасының екі-үш бөлмелі кеңсесі бастауыш мектеп құзырына берілді. Сол уақыттары мектеп меңгерушісі болып тағайындалған Бақым ағай дыбыссыз киноаппарат сатып алдырып, білім ұясының залында бізге алуан түрлі деректі фильмдерді көрсететін. Бұрын-соңды көрмеген бізге соның өзі қызық сияқты еді. Бұған қоса Бақым ағай балалар тақырыбына тақпақ жазып жүргенін үшінші сыныпта оқып жүргенде бір-ақ білдім. Ол кезде өлең ойыма келмеген ұғым, өңім түгіл түсіме де түнемеген өнер болатын менің.
Үйге ай сайын келетін "Балдырған" журналының кезекті санынан ағайдың "Құмырсқа" атты жалғыз шумақ тақпағын оқып таң-тамаша қалғаным бар. Ол тақпақ менің жадымда әлі күнге дейін сақтаулы тұр:
Шидей болған құмырсқа,
Шаршамайды жұмысқа.
Ала жаздай дән тасып,
Демалады ол қыста.
Ұзақ жылдар ауыл балаларының бойына білім нәрі мен санасына тәлім сәулесін қатар сыйлаған №45 Көнебөген бастауыш мектебі талай шәкірттерінің жүрек түкпірінде сарымайдай сақтаулы жүргені анық. Солардың бір тобы осыдан біраз жыл бұрын ескі мектеп орнына еңселі ескерткіш тақта орнатыпты. Соны құлағым шалған бойда дереу анық-қанығын  білуге асықтым. Бақсам, осы білім ұясының табалдырығын 1970 жылы аттап, 1973 жылы тәмамдаған Көнебөген елді мекенінің түлектері екен. Қазір олар да асқаралы 60 жасты еңсеріп қалған, ақсақалдық жасқа жеткен жандары жайсаң, көңілдері ізгілік шуағымен нұрланған он екі сыныптас достар болып шықты. Бір кездері бұл білім ұясының табалдырығын тарыдай болып аттаған, қазір еліміздің, аймағымыздың әр тұсында тіршілік етіп жүрген олардың әрқайсысы сан алуан мамандық иелері. Мысалы, Жамбыл облысындағы мәдениет үйінің директоры Аманкелді Тілепов, Нұр-Сұлтан қаласындағы медорталықтың қызметкері Әлнияз Шерімов, Әйтеке би кентіндегі мектеп-лицейдің ұлағатты ұстазы Айнабек Ахметов, Арал-Сарыбұлақ су құбыры мекемесінің Бөген елді мекеніндегі бөлімше жұмысшысы Жеткерген Күржібаев, алматылық кәсіпкер Жадырасын Әлімбетов, алматылық балықшы Кемал Мыңжасаров, ақтаулық кәсіпкер Дастан Жұбаниязов, қызылордалық Бақыт Таңатаров, осы ауылдың тұрғыны Шымберген Шегіров, тасбөгеттік Орақ Балымбетов, қармақшылық Жеткерген  Қасымов, аманөткелдік Бақыт Досжановқа айтар алғысымыз шексіз. Бұрынғы мектептің осынау бастауыш сынып түлектерінің ендігі мақсаты – ескерткіш тақта маңайын көркейтіп, көгалдандыру. Жағалай орындықтар орнатып, оқта-текте бас қосқанда өткенді сағынышпен еске алу, өмірден өткен аяулы ұстаздар рухына ас беру.
Иә, "Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет" деп осындайда айтылса керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде "Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек" деп бекерге айтпаған болса керек. Жоғарыдағы бастауыш сыныпта білім алған бұрынғы алтын ұяларын ардақтап, ұстаздарын ұлықтап жатқан ауыл түлектерінің өнегелі істері басқаларға да жұғысты болса екен дейміз.
Т. НҰРЖАН-БАЛТА
12 шілде 2022 ж. 464 0