Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласындағы баянды бетбұрыс

Білім саласындағы баянды бетбұрыс

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі – сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын елдің адами капиталын дамытудың стратегиялық бағыты ретінде айқындап, ұстаз мәртебесін көтеру, педагогтерді қолдау және мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне айрықша мән беріп келеді.
Мемлекет басшысы ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын ерекше атап, «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» екенін айтқан еді. Бұл – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп жүрген педагогтердің еңбегіне көрсетілген мемлекеттік деңгейдегі құрметтің айғағы.
Білім саласына көрсетіліп отырған осындай қолдау Арал ауданында да нақты істермен жалғасып келеді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, мектептерді жаңғырту, жаңа білім нысандарын салу және ұстаздардың еңбегін дәріптеу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Биылғы жаңа оқу жылының басында облыс орталығында Сыр өңірінің білім саласындағы жетістіктері сараланып, жаңа оқу жылына арналған басым бағыттар айқындалған «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз кеңесі өтті.
Жиында білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар талқыланып, ұстаздардың кәсіби еңбегі мен салаға қосқан үлесі ерекше аталды. Басқосуда Арал ауданынан бірқатар ұстаздар мен білім саласының ардагерлері жоғары марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, №83 орта мектептің биология пәні мұғалімі Достықгүл Әбдіқалықова елдің жоғары мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталса, №82 орта мектептің география пәні мұғалімі Нұрлан Көпітлеуов Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасына, ал №220 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Қуаныш Әбішов облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Білім саласына сан жылын арнаған ардагер ұстаздар Ертарғын Бекпанов пен Бағымкүл Толманова Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар №263 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Ержан Маханбетұлы салалық «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, №220 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Енсепова Тазабике Жанкүшікқызы «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды.
Бұл марапаттардың әрқайсысы – ұстаздардың өз ісіне деген жауапкершілігі мен білім саласына сіңірген еңбегінің нәтижесі.
Мектептер жаңарып, білім ошақтары көбейіп келеді
Білім сапасы тек мұғалімнің білімі мен тәжірибесіне ғана емес, оқушыға жасалған жағдайға да тікелей байланысты. Осы бағытта Арал ауданында мектеп ғимараттарын жаңғырту және материалдық базасын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылы ауданның 5 мектебіне 160 млн 458 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Арал қаласындағы №83 орта мектептің спорт залы жөнделді. №262 мектеп-гимназиясының жертөлесіндегі жылу жүйесі жаңартылып, мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аумаққа брусчатка төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Сонымен қатар №14 мектеп-лицейдің жертөлесіндегі жылу жүйесі жөнделсе, Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектептің шатыры мен есіктері ауыстырылып, спорт залының едені жаңартылды. Ал Аманөткел елді мекеніндегі №73 орта мектепте ғимараттың ішкі қабырғалары сыланып-сырланып, спорт залы жаңа кейіпке енсе, мектеп ауласын абаттандыру мақсатында брусчатка төселді.
Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндік
Аудандағы білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жаңа мектептер салу арқылы да жалғасуда. 2025 жылы аудан көлемінде 4 жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Арал қаласындағы 300 орындық №292 орта мектеп, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық №294 орта мектеп («Келешек мектеп»), Ақшатау елді мекеніндегі 60 орындық №291 негізгі мектеп және Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық №248 мектеп жаңа ғимаратқа ие болды.
Ал ағымдағы жылы Жалаңаш ауылындағы №58 орта мектепке арналған 150 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бұл – аудан мектептерінің материалдық базасын нығайтып қана қоймай, оқушыларға заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Арал қаласындағы №220 мектеп-лицейге арналған 575 орындық жаңа ғимараттың және Сапақ ауылындағы 100 орындық жаңа №69 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда.
Мемлекет басшысы атап өткендей, мектеп – тек білім беретін орын емес, жас ұрпақтың тұлғасы қалыптасатын маңызды орта. Сондықтан білім беру нысандарының сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін көтеру және балаларға қолайлы жағдай жасау – елдің болашағына бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Арал ауданындағы білім саласында жүзеге асырылып жатқан жөндеу, жаңғырту және құрылыс жұмыстары осы мақсатпен сабақтасып жатыр. Жаңарған мектеп – жаңарған мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті білім мен тәрбиеге айналдыратын – ұстаз. Сондықтан ұстаз еңбегін ұлықтау, оның кәсіби мәртебесін көтеру және білім алушыға қолайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ міндет.
О.ЖОЛДАСОВ
03 қазан 2026 ж. 57 0