Сапалы білімге бетбұрыс

«Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Алдағы уақытта бұл бастамаға сай нәтижелі өзгерістер болып қалады деген ойдамыз.
Сондай-ақ кадр мәселесінде Президент орынды ұсыныс айтты. Бұған дейін ұстаздардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі тренингтер мен апталықтар ұйымдастырылып келеді. Енді бұл мәселеде нақты шаралар қабылданады деп ойлаймын. Оған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет, – деген болатын.
А.Ермағамбетов,
№227 негізгі мектеп директорының орынбасары