Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың бренді: Шикізаттан дайын өнімге жасалған қадам

Аралдың бренді: Шикізаттан дайын өнімге жасалған қадам

Сүт десе, ең алдымен сиыр сүті ойға оралады. Көпшілік отбасында, әсіресе қалалық аумақта қолға ұстауға икемді жануар болғандықтан болар. Алайда әлемде ақ дастарқанның берекесін арттырып отырған жалғыз түлік сиыр емес. Ешкі мен қой, түйе мен буйволдың сүті де талай елде ұлттық тағам мәдениетінің бір бөлігіне айналып, бүгінде ауыл шаруашылығының табысты бағыты ретінде дамып келеді.
Халықаралық тәжірибеге көз салсақ, сиырдан өзге малдың сүтін өндіру әсіресе Азия, Африка және Жерорта теңізі маңындағы елдерде кең тараған. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, әлемдегі сүт өндірісінің шамамен 81 пайызы сиыр сүтіне тиесілі болса, буйвол сүтінің үлесі – 15, ешкі сүтінікі – 2, қой сүтінікі – 1 пайыз шамасында. Түйе сүті де өзіндік нарығын қалыптастырып отыр. Бір қызығы, бұл өнімдердің ерекшелігі – олардың тек жергілікті тұтынуға арналған дәстүрлі тағам болып қалмай, халықаралық саудаға шығуы.
Жаһандағы жағдай
Ешкі шаруашылығы дамыған елдердің қатарында Франция, Испания және Нидерландты атауға болады. Еуропада ешкі сүтін өңдеу ісі біртұтас өндірістік жүйеге айналған. Франция бұл салада алдыңғы орында тұр. Испания мен Нидерланд өндірген ешкі сүтінің бір бөлігін Францияға жөнелтіп, ол жерде ірімшік жасауға пайдаланылады.
Францияда ешкі сүтінен жасалған жұмсақ әрі қатты ірімшіктер кең тараған. Бұл өнімдер елдің ішкі нарығымен шектелмей, шетелдік тұтынушыларға да ұсынылады. Ал Нидерланд ешкі сүтін өңдеп, ұнтақталған сүт өнімдерін өндіруде және оны Азия нарығына шығаруда белсенді. Соның нәтижесінде қазіргі сауда деректерінде Нидерланд, Австралия, Малайзия секілді елдер ешкі сүтінің ұнтағын экспорттайтын негізгі жеткізушілердің қатарында көрінеді. Яғни ешкі сүтінің құндылығы халықаралық нарықта да өз орнын тауып отыр.
Ал Жерорта теңізінің берекесі – қой сүті. Қой сүті де әлемдік сүт өндірісіндегі өзіндік орны бар өнім. Оның негізгі өндірісі Грекия, Испания, Италия және Франция. Олар қой сүтін өңдеу мен одан ірімшік жасауда үлкен тәжірибе жинақтаған. Еуростаттың 2024 жылғы деректеріне сәйкес, Еуропалық одақта сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін қой сүтінің көлемі бойынша Грекия мен Испания алдыңғы орында. Грекияда 731 мың тонна, Испанияда 622 мың тонна қой сүті сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілген.
Оның басты артықшылығы – майлылығы мен құрамының ірімшік жасауға қолайлы болуы. Сондықтан бұл өнімнен түрлі ұлттық ірімшіктер өндіріліп, әлемдік нарыққа шығарылады. Италия, Франция, Болгария, Грекия және Испания қой сүтінен жасалған ірімшік экспорттайтын елдердің қатарында. Бұл елдерде малдың сүтін шикізат күйінде сатудан гөрі, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруға басымдық беріледі.
Шөлейттен әлемдік нарыққа жол тартқан түйе сүті соңғы жылдары әлемде қызығушылық артып келе жатқан ерекше өнімдердің бірі. Түйе өсіру дәстүрі ежелден қалыптасқан Африка мен Таяу Шығыс елдері бұл бағытта үлкен әлеуетке ие. 2023 жылғы дерек бойынша түйе сүтін өндіруден Кения әлемде бірінші орында тұр. Одан кейін Сомали, Пәкістан, Мали, Эфиопия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері келеді. Сол жылы әлемдегі түйе сүтінің жалпы өндірісі 4,1 млн тоннадан асқан.
Дегенмен түйе сүтінің барлығы бірдей халықаралық нарыққа шыға бермейді. Мысалы, Кенияда өндірілетін өнімнің басым бөлігі жергілікті тұтынуға жұмсалады. Бұған сақтау, салқындату және тасымалдау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі әсер етеді.
Ал Біріккен Араб Әмірліктері түйе сүтін өнеркәсіптік жолмен өңдеп, жаңа өнім түрлерін қалыптастырған ел ретінде ерекшеленеді. Мұнда түйе сүтінен пастерленген сүт, хош иістендірілген сусын, ұнтақ сүт, май және йогурт секілді өнімдер дайындалып, олардың бір бөлігі халықаралық нарыққа шығарылады.
Ал мына бір дерек тіпті қызық. Италияның бренді – Буйвол сүті. Ол негізінен ірімшік өндірісіне бағытталған. Еуростаттың мәліметінше, 2024 жылы Еуропалық одақтағы сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілген буйвол сүтінің шамамен 98 пайызы Италияға тиесілі болған. Өнімнің ішінде ірімшік ерекше орын алады. Бұл жерде малдың өзі ғана емес, одан алынған өнімді өңдеу технологиясы мен қалыптасқан бренд маңызды рөл атқарады.
Басты құндылық – дайын өнім
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мал сүтінен табыс табудың ең тиімді жолдарының бірі – шикізатты дайын өнімге айналдыру. Сүтті сол күйінде сатумен қатар, одан ірімшік, құрт, йогурт, май, құрғақ сүт, түрлі десерттер мен сусындар өндіру сұранысқа ие. Сондықтан шағын фермердің өндірген сүтін ірі кәсіпорын сатып алып, оны өңдеп, нарыққа жоғары қосылған құны бар өнім ретінде ұсынады. Осылайша бір литр сүттің экономикалық құны бірнеше есе артуы мүмкін.
Бұл тұрғыдан алғанда, мал шаруашылығы мен шағын өндірісті қатар дамыту ауыл кәсіпкерлігі үшін маңызды бағыт бола алады. Әсіресе табиғи әрі дәстүрлі өнімдерге сұраныс артқан қазіргі кезеңде ешкі, қой немесе түйе сүтінен жасалған өнімдердің өзіндік нарығын қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, малдың түрі емес, одан алынатын өнімді қалай өңдеп, қалай таныта білудің маңызы зор.  Демек, ауылдағы төрт түлік – жай ғана мал емес, дұрыс жолға қойылған жағдайда экспорттық әлеуеті бар шикізат көзі.
Аудан алға озды
Қазақстан үшін де бұл тәжірибеден алар сабақ аз емес. Әсіресе ешкі, қой, түйе шаруашылығы дамыған өңірлерде сүтті тек өткізіп қана қоймай, оны өңдеп, қаптап, бренд қалыптастырып, сыртқы нарыққа шығару – ауыл кәсіпкерлігінің жаңа бағытына айналуы мүмкін. Айналып та отыр. Бір ғана мысал – ауданда атқарылып жатқан жұмыс.
Иә, Арал десе алдымен балық пен тұз еске түседі. Бірақ бұлардан кейін қалмайтын тағы бір тіршілік көзі – түйе. Расында Арал ауданы түйе түлігінің тарихи отаны, қазақ даласының төрт түлігін түгендеген берекелі мекен. Ресми дерекке сүйенсек 39843бас түйе тіркелген. Бұл жайында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Құралбек Жәлімбетов газетімізге берген сұқбатында былай дейді.
– Қазіргі таңда ауданда 59 603 бас мүйізді ірі қара, 100 065 бас уақ мал, 64 763 бас жылқы және 39 843 бас түйе тіркелген. Осындай ауқымды мал басының ветеринариялық тұрғыдан қолайлы жағдайын сақтау үшін жоспарлы профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Қызылорда облысының ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Арал аудандық ветеринариялық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бекітілген жоспарға сәйкес атқарады, – деген мәліметі тек мал басының көптігі мен кәсіпті дөңгелетуге мүмкіндіктің молдығын көрсетіп қана қоймай, өнімнің тазалығы мен қауіпсіздігін де анық аңғартып отыр.
Үміт отын жаққан зауыт
Қарап тұрсақ аудандағы түйенің саны Қызылорда облысындағы барлық түйенің алпыс пайызын құрайды. Осы мүмкіндікті қалт жібермеу үшін биыл Арал жұртшылығы көптен күткен жаңалық орын алды. Аудан орталығында құны 3 миллиард теңге болатын "Qazaq Camel" компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 392 тоннаға дейін өнім беруге қауқарлы.
Ал кәсіпорын толыққанды жұмыс жасау үшін не істеу керек? Әлбетте бірінші кезекте шикізаттың жеткізілуі басты мәселе болары сөзсіз. Алайда "Qazaq Camel" бұл кедергіні қарастырған.
Ауданның көлемі мен ауылдардың шалғайлығы көпшілік үшін басты қиындық деп есептелуі мүмкін. Бірақ компанияның арнайы 3 көлігі ауылдардан түйе сүтін тасымалдауға қауқарлы.
Бір қуантарлығы – балық пен тұздан бөлек ауданның тағы бір бренді қалыптасады. Ол тек ел ішінде ғана емес, шет елдерге де экспортталатыны анық. Зауыт таяуда ғана жұмысын бастағанымен алдағы жоспарлы айқын. Өнім 100 пайыз Қытай мен Еуропа елдеріне шығарылады. Сауда сөрелерінде Аралдың өнімі тұрса, бұдан асқан табысты тіршілік болмайтыны анық.
Түйін. Франция ірімшігімен, Италия пиццасымен мақтанады. Мұндай күн бізге де алыс емес. Саннан сапаға, сөзден іске көшу деген осы болмақ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
10 қазан 2026 ж. 97 0