Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал басында өсім бар

Мал басында өсім бар

tolqyn.kz Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 9 649,3 млн. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,6 пайыз болды. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 5 869,0 млн. теңге (102,6 пайыз), егін шаруашылығы бойынша 3 696,9 млн. теңге (114,5 пайыз) болып отыр.
2022 жылдың қаңтар-қазан айларында аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 58 468 бас мүйізді ірі  қара, 99 306 бас қой мен ешкі, 43 634 бас жылқы, 35 480 бас түйе және 4 089 бас құс (тауық) бар. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 108,0 пайызға, жылқы  111,8 пайызға, түйе 107,6 пайызға, құс  111,8  пайызға артса, қой мен ешкі  94,8 пайыз болды. Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім 2022 жылдың қаңтар - қазан айларының қорытындысымен ет өндіру (тірілей салмақта) 3 584,6 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 8 063,2 тонна, жұмыртқа өндіру 103,1 мың дана, жүн (қой жүні)  126,9 тонна болып, өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда ет өндіру 102,9 пайызға, сүт өндіру    102,9 пайызға, жұмыртқа өндіру 102,4  пайызға, жүн өндіру 101,8 пайызға артық орындалды. 
Жалпы түйе малына тоқталар болсақ, оның пайдасы, бағудағы жеңілдіктері жайнада көптеп айтуға болады. Себебі, түйе күтімді көп қажет етпейді. Түйе шаруашылығы–мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Тіпті, республикадағы барлық жайылымдық жердің 64 пайыздан астамын түйе шаруашылығы арқылы барынша тиімді пайдалануға болатын, шөл және шөлейт алқаптардың алып жатуы осы саланы өркендетуге кең жол ашады. Қазақ халқы еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төзімдісі санаған. Елімізде түйе шаруашылығы объективті және субъективті жағдайларға байланысты түрліше қарқынды дамуда. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылығы малдарымен салыстырғанда тиімді сала болып табылады. «Шөл кемелері» саналатын түйелер арнайы күтім шарттарын талап етпейді. Олар басқа ауылшаруашылық жануарлары азықтанбайтын, жеуге жарамсыз ащы жусанмен, арамшөптермен, тікенді бұталармен азықтанады. Түйелер бірнеше күн бойы су ішпей немесе адамдарға пайдалануға жарамсыз тұзды суды іше салады. Түйе арқасында орналасқан өркештерінде оларға қоректік азық тапшылығы кезінде бірнеше күн бойы сусыз өмір сүруге көмектесетін майлары бар. Міне, осы сынды артықшылықтарымен салаға орынды жұмсалған қаржы 5-6 есеге дейін табыс әкелетіндігі ғылыми-өндірістік тәжірибелерде дәлелденіп отыр. Біздегі түйе санының еселеп артуы бәлкім осы сынды тиімділіктердің арқасында шығар.
Ал, түйенің сүті мен одан дайындалатын шұбаттың пайдасына келер болсақ, ол жайында да айтарымыз бар. Түйе сүті алергия, қант диабеті, ас қорыту бұзылысы, сондай-ақ, лактозаға төзе алмайтын адамдар үшін пайдалы болады және осы адамдар тобы үшін бұл сиыр сүтіне керемет балама. Сүттің сапасы мен тазалығы-оның биологиялық қауіпсіздігінің кепілі. Түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың дәмдік, сусындық, шипалық қасиеттері ертеден-ақ белгілі болған. Оның адам ағзасына сіңімділігі 98 пайызды құрайды. Түйе сүті сиыр сүтіне қарағанда бактерицидтік қасиеті жоғары болғандықтан, ұзақ мерзімге сақталады. Дәрігердің бақылауы шұбатты тұрақты пайдаланатын адамдардың туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығын көрсетті. Сонымен бірге, асқазан ауруларын да шұбатпен емдеудің жақсы нәтиже беретіндігі белгілі.
Иә, осыдан 5-6 жыл бұрын құландылық Н.Тілеуов есімді азамат осы шаруаны қолға алмақ ниетпен шұбат өндірісін бастаған. Бәлкім біз жоғарыда сөз еткен шұбаттың адам ағзасына тиімділігі мен пайдасын өз тәжірибесінен өткізгендіктен болар. Мыңнан астам түйесі бар «Құланды» ЖШС мал басы санын еселеп арттырғанымен, одан өнім алу ісіне келгенде қиындықтара кезіккен тәрізді. Арнайы технология алдырып, шұбат дайындау ісіне білек сыбана кірісті. Десе де, оны экспорттауға келгенде жұмыс жүрмеді, белгілі бір мөлшерде сұраныс болмады. Ал, пайдасыз іспен айналысу кім-кімге де тиімсіз екені айтпаса да түсінікті шығар. Қазіргі таңда қожалық төрағасы бұл өнімге сұраныс болса қайта қолға алуға құлықсыз емес. Арнайы технологиялары да дайын тұр. Алайда, базар сөрелерінде шұбат өнімдері қазіргі таңда ауылдық жерлерден литрлеп келіп тұр. Өзіне керек өнім тиісті деңгейде жеткізіліп тұрғандықтан оны бүгінде көбі іздемейді. Іздеген күннің өзінде базардан табуға болады.
Бүгінде осы шаруаны қолға алмақ ниетпен «Агро бизнес» бағдарламасы бойынша «Арал Ырысы» ШНҰ-нан қомақты мөлшерде қаржыға қол жеткізіп, оған түйе алған шаруалардың бірі – Н.Текебаев. Ол мемлекет жасаған мүмкіндіктің арқасында 96 бас аналық түйе, 3 бас асыл тұқымды аталық түйе алды. Қазіргі таңа өрісін ойсылқараға толтырған Н.Текебаевтың негізгі мақсаты оны бағып санын еселеу. Сондай-ақ, сұраныс болса оның сүті мен еті, қала берді жүнінен де пайда көруді көздейді.
Қалай айтасақ та, қазақтың күнкөрісі мал шаруашылығымен байланысты екенін екінің бірі біледі. Алайда, ауылда тұрса да мал ұстамайтын, ұстауға мүмкіндік болса да ұстағысы келмейтін қазақтар көбейген. Солар неге, түйе бағып, табысқа кенелуді көздемейді екен.?! Бәлкім, айтуға оңай шығар. Бірақ, біз малдан бағудан басқа берекелі кәсіптің көзін көріп отырғанымыз жоқ. Сонысымен де береке малда болып отыр.
05 желтоқсан 2022 ж. 391 0