Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас үйден арман жолында

Ас үйден арман жолында

Кәсіп бастауға ниеттенген жанға ізденіс пен табандылық, алға қойған мақсатқа деген сенім қажет. Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентінің тұрғыны Бурмаханова Асел осы қасиеттерді бойына серік етіп, үй жағдайындағы шағын істі бірнеше бағытта дамып келе жатқан кәсіпке айналдырды. Бүгінде ол тұрғындарға түрлі тағамдар мен жартылай дайын өнімдер ұсынып, кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Аселдің кәсіпкерлік жолы ас әзірлеуге деген қызығушылығынан басталған. Ол үйінде балаларына күнделікті ас дайындап, түрлі пісірмелер әзірлейтін. Кейін көршілеріне де тағам жасап беріп, қосымша табыс табуды қолға алады. Уақыт өте келе бұл ісін тұрақты кәсіпке айналдыруды ойластырады.
2017 жылы көпбалалы ана ретінде «Өрлеу» бағдарламасы аясында 350 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Қоғамдық жұмыстарға араласу барысында түйе сатып алып, сүт пен құрт өнімдерін өндірумен айналысады. Осы кезеңде кәсіпкерлік курсына қатысып, бизнес бастаудың жолдарын, мемлекеттік қолдау түрлерін, гранттар мен несие алу тәртібін үйренеді. Бұл білім оның алдағы жоспарын айқындауына ықпал етеді.
Кәсіп ашуға бел буған Асел Ахметбек Нұрсиланың жеке консультациясы мен сабағына қатысып, өз жоспарын талқылайды. Ол кезде кәсіпкердің алдында сұлулық салонын немесе тамақ өнімдерін әзірлейтін орын ашу туралы екі таңдау болған. Маманы ауылдық жерде сұлулық салонын ашу үшін білікті шеберлерді табу мәселесін ескеруге кеңес беріп, өзіне жақын әрі қолынан келетін кәсіпті таңдауды ұсынады. Ас әзірлеуге икемі барын ескерген ол тамақтану саласына басымдық беріп, фастфуд кәсібін бастауды ұйғарады. Осылайша, үйін кепілге қойып, бір бөлмесінен донер мен пицца дайындайтын шағын орын ашады. Алайда 2020 жылы пандемияға байланысты карантин енгізіліп, сауда жасау қиындай түседі. Кәсіпкер қиындыққа қарамастан, онлайн тапсырыс қабылдау мен жеткізу қызметін жолға қойып, жұмысын жалғастырады.
Уақыт өте келе тұтынушылар сұранысын ескеріп, мәзірін кеңейтеді. Донер мен пиццаға кәуап және басқа да тағамдар қосылады. Кейін жартылай дайын өнімдер әзірлеуді қолға алады.
– Қазір адамдардың уақыты тығыз. Сондықтан үйде тез әрі оңай дайындауға болатын жартылай дайын өнімдерге сұраныс бар. Осы бағытты дамытып, өнімдерімді көпшілікке ұсынғым келеді, – дейді кәсіпкер.
Тамақтану саласында өнім бағасын тұрақты ұстау да оңай емес. Азық-түлік құнының жиі өзгеруі шығындарды үнемі есептеп, мәзір бағасын реттеп отыруды талап етеді. Соған қарамастан, Асел ханым өнім сапасын сақтап, тұтынушылардың сұранысына сай қызмет көрсетуге мән береді. Кәсібін кеңейту мақсатында ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 миллион теңге көлемінде несие алып, жартылай дайын өнімдер әзірлеу бағытын дамытуға кіріседі. Бүгінде кәсіпкердің Жақсықылыш кентінде және Арал қаласында тамақтану орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар жартылай дайын өнімдер өндірісін де қатар дамытып келеді. Кәсіпкеріміздің алдағы мақсаты – жартылай дайын өнімдер өндіретін үлкен цех ашып, өнімдерін дүкен сөрелеріне шығару. Осы арқылы кәсібінің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, өз қолынан шыққан дәмді өнімдерді аудан тұрғындарына және одан да кең тұтынушылар ортасына ұсынуды көздейді.
Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын кәсіпкер адамдармен тығыз байланыста болу, олардың қажеттіліктерін түсіну бизнесті дамытуға көмектесетінін айтады. Оның кәсіпкерлік жолы үйдегі ас әзірлеуден басталған қарапайым істің табандылық, білім және мемлекеттік қолдау арқылы жаңа деңгейге көтеріле алатынын көрсетеді. Ал үлкен өндіріс орнын ашу арманы – Аселдің алға қойған келесі мақсаты.
Бір кездері отбасы мен көршілеріне арнап ас әзірлеуден басталған кәсіп бүгінде өмірлік ісіне айналды. Алғашқы қадамнан бастап түрлі қиындықты еңсеріп, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған кәсіпкер енді кәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Оның алдағы мақсаты – үлкен өндіріс орнын ашып, өз өнімдерін кеңінен таныту. Өйткені табысқа жетудің жолы – қолыңнан келетін істі сүйіспеншілікпен бастап, оны үздіксіз еңбекпен дамыту.
Ақниет Жасұланқызы
14 қазан 2026 ж. 47 0