Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ауыл аманаты – ауыл кәсібіне қолдау

"Ауыл аманаты – ауыл кәсібіне қолдау


Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастап, тұрақты табыс табуына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор. Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Аталған бағдарлама арқылы Қамыстыбас ауылының тұрғыны Қазиева Зухра Қазтуғанқызы да өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.
Кәсіпкер 2025 жылы бағдарлама аясында 4,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды ешкі шаруашылығын қолға алған. Несие қаражатына 25 бас асыл тұқымды ешкі сатып алып, шаруашылығын дамытуды бастады.
Бүгінде кәсіпкер табиғи ешкі сүтін өндіріп, одан құрт және басқа да сүт өнімдерін дайындауда. Дайын өнімдер ауылдағы дүкендерге өткізіліп, жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие болып отыр. Өнімге Арал қаласының тұрғындары да қызығушылық танытып, көршілес Ұлытау облысынан да ұсыныстар түсе бастаған.
Кәсіпкердің айтуынша, өз кәсібін бастауға бағдарлама үлкен мүмкіндік берген.
«Бастапқыда кәсіп бастау туралы ой болғанымен, қаржылық мүмкіндік жағы қиындық туғызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ақпарат алған соң, қажетті құжаттарды жинап, бағдарламаға өтінім бердім. Нәтижесінде жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды ешкі сатып алдым. Қазір ешкі сүтінен құрт және басқа да өнімдер дайындап, ауыл тұрғындарына ұсынып келеміз. Өнімімізге сұраныстың артып келе жатқаны бізге үлкен серпін беріп отыр. Алдағы уақытта ешкі санын көбейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмын. Ауылда еңбек етіп, өз кәсібін бастағысы келетін жандарға осындай мүмкіндіктерді пайдаланып көруге кеңес беремін», – дейді кәсіпкер Зухра Қазиева.
Қазір кәсіпкер шаруашылығын одан әрі кеңейтіп, ешкі санын көбейту және өндірілетін өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргізуде. Шағын кәсіптің біртіндеп табысты шаруашылыққа айналуы – ауылдағы еңбекке негізделген кәсіпкерліктің нақты көрінісі.
07 қазан 2026 ж. 57 0