Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «АУЫЛ АМАНАТЫ»: АРАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖИҺАЗЫН ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ АШТЫ

«АУЫЛ АМАНАТЫ»: АРАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖИҺАЗЫН ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ АШТЫ

Қазір нарық заманы. Есепке жүйрік ептілер елмен етене жүріп, кәсіптік көзін табуда. Мұндай азаматтарға мемлекеттен қолдау да мол. Өндірістің оты лаулаған тұста өз өнімін өндірмекке бекініп, бастамасын сәтті жүзеге асырып жатқан азаматтардың бірі – Нұрболат Бисембаев. Ол бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы үй жиһаздарын дайындайтын шағын цех ашты. Осылайша кішігірім кәсібін бастап кеткен.

Еліміздегі жетекші партия саналатын «AMANAT» партиясы ауыл халқының табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқаны белгілі. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастама бүгінде ауыл-аймақтың қолынан іс келетін азаматтарын іріктеп, бәсекеге қабілеттілер қатарына қосуда.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп жатырған ол бұған дейін де шағын цехтағы шаруашылықты бір кісідей меңгеріп алған.

– Алғашында бұл істі тәжірибе ретінде бастадым. Жақын-жуық, тамыр-таныстың жиһаздарын құрып, ескісін кәдеге жарата жүріп, кішігірім тапсырыстар бойынша жұмыс істеп жүрдім. Уақыт өте жолдасым екеуміз осы істі кәсіп қылуға кірістік. Дегенмен әрбір ағаш құрылғыны техниканың көмегінсіз дәлме-дәл шығару қиынға соқты. Сондай-ақ уақыт жағынан қиындықтар пайда болды. Бір тапсырысқа бола бірнеше айлар жұмсап жүрген кездер болды. Осындый олқылықтарды електен өткізе келе «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысқа қажетті құрылғылар алу мүмкін болды. Қазір шағын чехтағы жұмыстың барлығы арнайы техниканың көмегімен жүзеге асуда. Уақыт жағынан да үнемділік пайда болды. Тұтынушының талғамынан шығу үшін алдағы уақытта жасаған өнімге түрлі көрнекілік беретін арнайы құрылғы сатып алу жоспарда бар. Бұл арқылы жиһаздарға түрлі суреттер салу мүмкін болады. Ендігі меже – сол аппаратты алу, – дейді кәсіпкер Нұрболат.

Кәсіпкер бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен 6 млн. 250 мың теңге несие алған. Бүгінде цехта 3 адам тұрақты жұмыс істейді.

Айтуынша бүгінгі таңда үй жиһазына тапсырыстар жоғары деңгейде аудан төңірегінен бөлек Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе облысынан да тапсырыс берушілер бар. Бұл жерде үлкен қалаларға қарағанда өнімнің баға айырмашылығы тұтынушыға тиімді болған.

Кәсіпкер бұнымен тоқтап қалмай өз кәсібін үлкейтуді жоспарлап отыр.
12 қыркүйек 2025 ж. 256 0