"Сыбаға" бізге не берді?
«Сыбаға» – ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы. Мемлекеттің ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға қомақты көмек көрсететіні бүгінде көпке белгілі. Қолдау көрсету бағытында әр түрлі бағдарламалар қабылданып, іске асырылады. Міне, солардың ішінде «Сыбаға» бағдарламасы ауыл адамдарының назарына ілікті. Жалпы, аймағымызда 2011 жылдан бастап бағдарлама бойынша қолдауға ие болғандар әлі де "Сыбағаның" сыйын көріп келеді.
Иә, тиімділігі жоғары жобаны өз кәсібін дамыту жолында пайдалану кез келген жанға таптырмас мүмкіндік. Әсіресе шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру және одан алынатын өнімдерді экспортқа шығару мақсатындағы Үкімет ұсынған бұл бағдарламасы осы уақытқа дейін жұмыс істеп, жемісін көрген жандардың аузында жиі айтылып келеді. Бұл қатарда ауданның мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған азаматтары да бар.
Жалпы, "Сыбаға" бағдарламасы аясындағы жұмыс ауданымызда қандай деңгейде жүргізіліп жатыр? Сол жайлы айта кетсек.
"Сыбаға" бағдарламасымен өткен жылы ауданымызға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 125 бас мүйізді ірі қара малын шет елден сатып алу жоспары берілді. 2021 жылы Аманөткел ауылдық округінен «Жанғылыш» шаруа қожалығы Қармақшы ауданына қарасты «Қорқыт елі» несие серіктестігі арқылы шет елден 58 бас импорттық мүйізді ірі қара малын сатып алуға 31 млн 900 мың теңге несие алып, Алматы қаласындағы «Асыл тұяқ» ЖШС-не асыл тұқымды малды жеткізіп беруге келісімшарт жасалып, Ресей мемлекетінен 58 бас «Калмык» асыл тұқымды ірі қара малын ауданға алып келді. 58 басқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы 13 млн 050 мың теңге субсидия төленді.
Бұл жұмыс биыл да жүйелі жалғасын тауып жатыр. "Сыбаға" бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамытуды көздеген ауылдық жердің азаматтары бұл мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, 2022 жылдың қаңтар айында Аманөткел ауылдық округінен «Жарылғасын» шаруа қожалығы «Арал Ырысы» кредиттік серіктестігі» арқылы 20 млн теңге несие алып, 44 бас асыл тұқымды Қазақтың ақбас сиырын сатып алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен бірге "Сыбаға" бағдарламасы аясында ауданға 3750 бас қойсатып алу жоспары берілді. Осыдан «Арал Ырысы» кредиттік серіктестігі» арқылы Аққұм, Құланды және Қарақұм ауылдық округтерінен 3 шаруашылық 841 бас қой сатып алу үшін 34,8 млн теңге несие алып, 541 бас асыл тұқымды және 300 бас тауарлы қой сатып алды.
А. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы