Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыбаға»: Қызылордалық кәсіпкерге 10 млн. теңге берілді

«Сыбаға»: Қызылордалық кәсіпкерге 10 млн. теңге берілді

Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдаулар жасалуда. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысамын деуші кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен несиелер қарастырылған.
Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Ғалым Жұмалиев 2014 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалардың бірі. Кәсіпкер 2019 жылы қой шаруашылығына ден қойып, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінген. Бағдарлама аясында 10 млн. теңгеге қаржыландырылып, 320 бас асыл тұқымды қой алып жұмыс жасауда.
«Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек ізденіс пен табанды еңбек керек, соның арқасында қазір малымның санын еселеп отырмын»,- дейді кәсіпкер.
Келесі, ауыл тұрғыны Жомарт Ниязбаев жылқы, сиыр шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті дамытқан шаруа. Алғашында, 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан 4,0 млн. теңге, кейін 2020 жылы малды бордақылау бағытында «Сырдария-1» несие серіктестегі арқылы 6 пайызбен 6 млн.теңге қаражат алып, кәсібін жандандырған.
«Кәсіп бастағанға дейін басқа салада жұмыс істедім. Алайда бір айлықпен күн көру оңай емес. Сондықтан өз бизнесімді ашуды ойлап, мал шаруашылығымен айналысуды жөн санадым. Ата кәсіпті қолға алу ауыл тұрғындары үшін таңсық емес», – деді кәсіпкер.
Қазіргі таңда кәсіпкер малдың бабына келуіне қарай ет өнімдерін сатып, малды бордақылаумен айналысып келеді. Бие сүтіне сұраныстың жоғары болуын ескеріп, бие сүтін өндіруді ұлғайтуды жоспарлауда.
Айта кетерлігі, Қызылорда қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жоба құны 1 млрд. 425 млн. теңгені құрайтын 149 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылған. Оның ішінде 30,2 пайызы, яғни 45 жоба қалаға қарасты кент және ауылдық округтар тарапынан ұсынылған.

kyzylorda-news.kz
08 ақпан 2022 ж. 393 0