Ауылға келген мүмкіндік
Ауылдың берекесі – оның кең даласында ғана емес, сол топырақта маңдай терін төккен елдің еңбегінде. Кәсібін нәсібіне айналдырып, ауылда өз ісін дөңгелетіп отырған жандардың еңбегі ел экономикасының да берік негізі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл-аймақты дамытуда шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығына тоқталып, «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді» деген еді. Бұл сөз ауылдағы еңбекке сүйенген кәсіпті қолдаудың мәнін айқындай түседі.
Бүгінде осы бағыттағы қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастаған ауыл тұрғындарының қатары артып келеді. Солардың бірі – Қамыстыбас ауылының тұрғыны Зухра Қазиева.
Кәсіп бастауға ниеті болғанымен, бастапқыда қаржы мәселесі қолбайлау болған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы Зухраға осы кедергіден өтіп, ойындағы кәсібін нақты іске айналдыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы ол бағдарлама аясында 4,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды ешкі шаруашылығын қолға алды. Несие қаражатына 25 бас асыл тұқымды ешкі сатып алып, шаруашылығының негізін қалады.
Еңбектің берекесі – оны тиімді ұйымдастыра білуде. Зухра Қазтуғанқызы ешкі өсірумен ғана шектелмей, одан алынатын өнімді өңдеуді де қолға алған. Табиғи ешкі сүтінен құрт және өзге де сүт өнімдерін дайындап, ауыл дүкендеріне өткізуде.
Табиғи өнімге деген сұраныс та біртіндеп артып келеді. Кәсіпкердің өнімдеріне жергілікті тұрғындармен қатар, Арал қаласының тұрғындары қызығушылық танытып, көршілес Ұлытау облысынан да ұсыныстар түсе бастаған. Ауылда басталған шағын істің осылайша өз тұтынушысын табуы – еңбектің нақты нәтижесі.
«Бастапқыда кәсіп бастау туралы ой болғанымен, қаржылық мүмкіндік жағы қиындық туғызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ақпарат алған соң, қажетті құжаттарды жинап, бағдарламаға өтінім бердім. Нәтижесінде жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды ешкі сатып алдым. Қазір ешкі сүтінен құрт және басқа да өнімдер дайындап, ауыл тұрғындарына ұсынып келеміз. Өнімімізге сұраныстың артып келе жатқаны бізге үлкен серпін беріп отыр. Алдағы уақытта ешкі санын көбейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмын. Ауылда еңбек етіп, өз кәсібін бастағысы келетін жандарға осындай мүмкіндіктерді пайдаланып көруге кеңес беремін», – деген кәсіпкердің сөзінен-ақ осыны аңғаруға болады.
Кәсіптің көзін тауып, оны тұрақты табыс көзіне айналдыру үшін күнделікті еңбек пен табандылық қажет. Зухра да шаруашылығын біртіндеп кеңейтіп, ешкі санын көбейту, өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы мақсаты – табиғи сүттен дайындалатын өнім түрлерін көбейтіп, тұтынушылар қатарын кеңейту.
Қамыстыбастағы бұл шағын шаруашылық – мемлекеттік қолдаудың еңбекқор адамға нақты мүмкіндік беретінін көрсететін мысал. Бір кездері ойда жүрген кәсіп бүгінде ауыл тұрғындарының дастарқанына табиғи өнім ұсынып отырған шағын өндіріске айналды.
Ауылдың өркендеуі де осындай шағын істерден басталады. Бір үйдің кәсібі – бір отбасының нәсібі болса, одан әрі кеңейген кәсіп ауылдың әлеуметтік-экономикалық тынысына серпін береді. Сондықтан ауылдағы әр бастамаға қолдау көрсету – ауылдың болашағына салынған инвестиция.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










