Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ АМАНАТЫ»: АРАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖИҺАЗЫН ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ АШТЫ

АУЫЛ АМАНАТЫ»: АРАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖИҺАЗЫН ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ АШТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әрдайым ауыл аймақтың дамуына ерекше назар аударып келеді. Президенттің: «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру – ел экономикасын нығайтудың маңызды кепілі. Біз ауылдағы кәсіпкерлікті қолдап, азаматтардың өз жерінде кәсібін ашуына жағдай жасауымыз қажет» деген сөзі бүгінгі күні нақты іске асуда. Осы мақсатта жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы талай жанның арманын орындап, ауыл кәсіпкерлігінің қанатын кеңге жаюына жол ашып отыр.
Қазір нарық заманы. Есепке жүйрік ептілер елмен етене жүріп, кәсіптің көзін табуда. Мұндай азаматтарға мемлекеттен қолдау да мол. Өндірістің оты лаулаған тұста өз өнімін шығаруға бел буғандардың бірі – аралдық жас кәсіпкер Нұрболат Бисембаев. Ол бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы үй жиһаздарын дайындайтын шағын цех ашып, кәсібін дөңгелете бастаған.
Еліміздегі жетекші партия саналатын «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын қолға алғаны белгілі. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде басталған бастама бүгінде ауыл-аймақта қолынан іс келетін азаматтарды іріктеп, оларды бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер қатарына қосуда.
Нұрболат Бисембаев та осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, өндірісін дамытуға кіріскен ол бұрыннан жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгерген.
– Алғашында бұл істі тәжірибе ретінде бастадым. Жақын-жуықтың, тамыр-таныстың жиһаздарын құрып, ескілерін жөндеп жүрдім. Кейін досым Нұрболат екеуміз осыны кәсіп қылуды жөн көрдік. Алайда техникасыз өнімді сапалы әрі жылдам шығару қиынға соқты. Бір тапсырысқа бірнеше ай уақыт жұмсайтын кездер болды. Осы олқылықтарды саралай келе «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсыруды ұйғардық. Нәтижесінде аталған жобаны жеңіп алдық. Бұл қаражат қажетті құрылғылар сатып алуға мүмкіндік берді. Қазір цехтағы жұмыстың бәрі арнайы техниканың көмегімен істеледі. Бұл уақытты үнемдеп, өнім сапасын арттыруға сеп болды. Алдағы мақсат – жиһазға сән беретін арнайы құрылғы сатып алып, тұтынушылардың талғамына сай түрлі суреттермен безендірілген өнім ұсыну, – дейді кәсіпкер.
Жоба аясында кәсіпкер 2,5 пайыздық жеңілдікпен 6 млн 250 мың теңге несие алған. Бүгінде оның цехында үш адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл –жұмыссыздықты азайтып, жастардың өз жерінде еңбек етуіне мүмкіндік берген игі іс.
Нұрболаттың айтуынша, қазір үй жиһазына деген сұраныс жоғары. Тапсырыс тек аудан төңірегінен ғана емес, Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе облысынан да түсіп жатыр. Оның үстіне үлкен қалаларға қарағанда бағасы қолжетімді болғандықтан, тұтынушылар үшін бұл тиімді болып отыр.
Іскер азамат мұнымен тоқтап қалмай, кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Г.САҚТАПОВА
16 қыркүйек 2025 ж. 285 0