Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «А» вирусты гепатиттің алдын алу

«А» вирусты гепатиттің алдын алу

«А» вирусты гепатит- вирусты ішек инфекцияларының ішіндегі дүние жүзіне ең көп таралған жұқпалы  аурулардың түрі .  Халық арасында «сары ауру» атауымен белгілі аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп , ең алдымен бауырды зақымдайды. Жұқпамен  негізінен 2 мен 14 жас аралығындағы балалар ауырады. Олар барлық  ауруға шалдыққандардың  80 пайыздан астамын құрайды. Аурушаңдық жылдың барлық мезгілінде тіркеледі, дегенмен оның  жиі тіркелуі жылдың жазғы-күзгі  мезгілдерінде жиі байқалады .   
      «А» вирусты гепатитпен тек адам ауыратындықтан , аурудың жұғу көзі-науқас адам. Жұқпаның  берілу жолдарында су, тағам,тұрмыстық жанасу жолдары үлкен орын алады.
         Ауру қоздырғышы-вирус, қоршаған ортаға өте төзімді, -20 0 С-та бірнеше жыл, 18-220 С –та  бірнеше апта , нәжісте 1 ай, суда 3-10 айға дейін сақталып, 100 0 С температурада қайнатқанда 4 минут ішінде , ультракүлгін сәулемен шарпығанда 1 минутта,  ал  құрамында хлоры бар  препараттың  әсерінен 15 минуттан кейін жойылады.
         Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезең (сарғаюдың алды)  орташа есеппен 14-35  күн  өтеді. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы  37-38 0 С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауыруы сезіледі.  Кейін аурудың клиникалық белгілері дамып, асқазан ішек қызметі бұзылады: тәбет төмендеп, лоқсу, кейде құсу, ауызға ащы дәм келеді, кекіру, іш қату немесе іш өту белгілері пайда болып, оң жақ қабырға асты сыздап ауырады және бауыр көлемі үлкейеді, кіші дәрет түсі қоңырланып,  нәжіс түссізденеді, тері қабаттары, көздің ақ қабығы сарғаяды. Кей науқастарда  қышыну белгілері болады. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті, өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл желпі-қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға ауру  жұқтырады.
          «А» вирусты гепатиттің алдын алу шаралары -  халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, бала бақшаларда, мектептерде, интернаттарда, орта оқу орындарында балаларға қайнаған су беру, жеке бас тазалық шараларын сақтауға жағдай жасау, қолжуғыштармен, сұйық сабындармен, бірмәртелік қолсүрткіштермен қамтамасыз ету, буфетте, асханада, санитарлық орындарда, сынып бөлмелерінде, топтарда күнделікті ағымдағы жинау, жуу, тазалау жұмыстарын сапалы жүргізу болып табылады.
        «А» вирусты гепатиттің   ерекше профилактикасы вакцинациялау болып табылады. Алдын ала егу шарасының күнтізбесіне сәйкес балалардың 2 жасынан бастап  6 ай аралықпен екі мәрте  «А» вирусты гепатитке қарсы  егу шарасы жүргізіледі. Соның нәтижесінде республика бойынша аурушаңдықтың тіркелу деңгейі  төмендеп отыр, соңғы 7-8 жыл шамасында аудандағы балалар арасында ауру тіркелмеген, дегенмен 2023 жылы 10 ауру, 2024 жылы  22 ауру, 2025 жылы 7 айда 2 ауру  тіркелді.Ауырған балалар мен жасөспірімдердің 80 пайызға жуығы жасына сәйкес егілмеген.
"А" вирусты гепатит ауруынан балаларыңызды қорғаңыздар!
      А.Балшамбаева      
  Арал аудандық  санитариялық-
  эпидемиологиялық  бақылау
  басқармасы  басшысының м.а.                                           
15 қазан 2026 ж. 38 0