«А» вирусты гепатиттің алдын алу

Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезеңде (сарғаюдың алды) орташа есеппен 14-35 күн арасында ауру белгілері пайда болады. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы 38-39 0 С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауруы сезіледі. Кейін аурудың клиникалық белгілері дамып, асқазан ішек қызметі бұзылады: тәбет төмендеп, лоқсу, кейде құсу, ауыздағы ащылық, кекіру, іш қату немесе іш өту белгілері пайда болып, оң жақ қабырға асты сыздап ауырады және бауыр көлемі үлкейеді, кіші дәрет түсі қоңырланып, нәжіс түссізденеді, тері қабаттары, көздің ақ қабығы сарғаяды. Кейбіреулерінде қышыну белгілері болады. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті, өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл желпі-қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырады.
Басқа ішек инфекциялары сияқты «А» вирусты гепатиттің алдын алу шаралары халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, бала бақшаларда, мектептерде, интернаттарда, орта оқу орындарында балаларға қайнаған су беру, жеке бас тазалық шараларын сақтауға жағдай жасау, қолжуғыштармен, сұйық сабындармен, бірмәртелік қолсүрткіштермен қамтамасыз ету, буфетте, асханада, санитарлық орындарда, сынып бөлмелерінде, топтарда күнделікті ағымдағы жинау, жуу, тазалау жұмыстарын сапалы жүргізу болып табылады.
«А» вирусты гепатиттің ерекше профилактикасы вакцинациялау болып табылады. Алдын ала егу шарасының күнтізбесіне сәйкес балалардың 2 жасынан бастап 6 ай аралықпен екі мәрте «А» вирусты гепатитке қарсы егу шарасы жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде республика бойынша аурушаңдықтың тіркелу деңгейі төмендеп отыр, соңғы 7-8 жыл шамасында аудандағы балалар арасында жұқпа мүлдем тіркелген жоқ.
Дегенмен 2022 жылы 2 вирусты гепатит «А» ауруы , 2023 жылы қаңтар айында 1 ауру тіркеліп отыр. Сондықтан аурудың алдын алу шараларына мұқият болған жөн.
О.Мошанов,
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының эпидемиологиялық
бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы