Жігер бар жерде – жаңа мүмкіндік бар
Адам өміріндегі әрбір жаңа бастама – өзгеріске бастар жол. Ал сол жолда қолдау көрсетіп, қоғамға қайта араласуға мүмкіндік беру – үлкен адамгершіліктің белгісі. Өйткені тағдырдың түрлі сынағына тап болған жанға дұрыс бағыт сілтеп, ортаға бейімделуіне жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті.Осы мақсатта 1 маусым күні Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен, «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тапсырыс аясында «Салауатты өмір – жаңа бастама» атты шағын футболдан аудандық біріншілік өткізілді.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге, әлеуметтік ортаға бейімдеуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғаммен байланысын нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Жарыс барысында спорттың тәрбиелік мәні ерекше көрініс тапты. Себебі футбол – тек алаңдағы тартыс емес, ол тәртіпке, ұйымшылдыққа, жауапкершілікке және бір мақсатқа жұмыла білуге үйрететін командалық ойын.
Жарысқа қатысушылар алаңда өзара шеберлік байқастырып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Әр команда үшін басты мақсат – жүлделі орынға ие болу ғана емес, спорт арқылы өз мүмкіндігін танытып, белсенді өмір салтына қадам басу болды.
Мұндай шаралардың әлеуметтік маңызы да айрықша. Қайта әлеуметтендіру – азаматтың қоғамға қайта қосылуына жол ашатын маңызды үдеріс. Бұл бағытта спорттың алар орны ерекше. Өйткені спорт адамды тәртіпке бейімдеп қана қоймай, бойдағы сенімді арттырып, жаңа орта қалыптастыруға ықпал етеді.
«Салауатты өмір – жаңа бастама» атты аудандық біріншілік те осы игі мақсаттың нақты көрінісіне айналды. Шара барысында қатысушыларға өзара қарым-қатынас орнатып, ортақ мақсат жолында бірге әрекет етуге мүмкіндік берілді. Жарыс алаңындағы әрбір ойын – жаңа ортаға бейімделудің, өз күшіне сенудің және алға ұмтылудың бір қадамы іспетті.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз командалар анықталып, үздік ойын көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Бұл – спорттағы жетістікті бағалау ғана емес, қоғамдық өмірге белсенді араласуға талпыныс танытқан азаматтарға көрсетілген қолдаудың белгісі.
Салауатты өмір салтын насихаттап, азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған осындай шаралардың жалғасын табуы – әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, аудан тұрғындары арасында өзара түсіністік пен жауапкершілікті нығайта түсері сөзсіз.
Н. ЖОРҒАБАЕВ,
«Жас Арал Өрендері» ЖҚБ төрағасы










