ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ТАҢДАУ – ӨМІРДІҢ ӨЗЕГІ
Әрбір адамның өмір жолы әртүрлі. Бірі қиындыққа сүрінбей өтсе, енді бірі тағдырдың тосын сынағына тап болады. Алайда өмірдің мәні – сол сыннан сабақ алып, жаңа бағытқа бет бұруда. Қоғамның нағыз кемелдігі – сүрінген жанға қайта тұрып, алға жүруге мүмкіндік беруінде.Осы мақсатта Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысы бойынша, «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен маңызды әлеуметтік іс-шара «Жауапкершілік пен таңдау» атты психологиялық семинар-тренинг өтті.Бұл семинарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және пробациялық есепте тұрған азаматтар қатысып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өмірге жаңа көзқарас қалыптастыру, өз болашағына деген сенімді күшейту бағытында мазмұнды әңгімелер өрбіді.Шара барысында заңгер маман қатысушыларға өз құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты түсіндіріп, қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Сонымен қатар тренинг барысында психологиялық жаттығулар мен сенімділікке бағытталған практикалық тапсырмалар орындалып, қатысушылар өз ойларын ашық білдіруге мүмкіндік алды. Семинардың негізгі мақсаты өмірдің қиын кезеңдерінен өткен азаматтардың өз-өзіне сенімін арттыру, қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету, жауапты шешім қабылдауға үйрету және әлеуметтік тұрғыдан оң бағыт қалыптастыру болды.Осындай мазмұнды кездесулер қатысушылардың рухани серпілуіне, өз өмірін жаңа парақтан бастауға деген жігерін оятуға зор ықпал етті. Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігі бірлесіп атқарып келе жатқан бұл жұмыстар –мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік бейімдеу саясатының нақты нәтижесін көрсетеді.Қорыта айтқанда:Жауапкершілік пен дұрыс таңдау әр адамның тағдырын ғана емес, тұтас қоғамның болашағын айқындайтын құндылық. Ал осындай игі бастамалар адамға үміт сыйлайтын, өмірге қайта сенім ұялататын жарқын істердің бастауы.Н.ЖОРҒАБАЕВ,
Жас Арал өрендері жастар
қоғамдық бірлестігінің төрағасы









