Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымды кездесу өтті

Тағылымды кездесу өтті

Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Асыл Мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Шоқайтану» ғылыми орталығында «Чернобыль апаты: Ерлік пен естелік» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Шараға Қызылорда қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шахатов Жұмабек Алиханұлы мен бірлестік мүшелері, «Жәрдем-Содействие» облыстық мүгедек әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аликулова Жанат Садикуловна, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар» бөлімінің басшысы Бихожаев Ернұр Бауыржанұлы, сондай-ақ университеттің студенттері қатысты.

Кездесуге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тайман Сағат Тамшыбайұлы модераторлық етті. Ол өз сөзінде Чернобыль апатының әлемдік тарихтағы орны, оның зардаптары мен әлеуметтік салдарына тоқталып, қоғам жадында сақталуы тиіс маңызды тарихи оқиғалардың бірі екенін атап өтті.

Шара барысында Чернобыль апатының зардабын өз көзімен көрген ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, жастарға бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру мақсатында жүрек тебірентерлік ойлар айтты. Жұмабек Алиханұлы өз сөзінде апат аймағында қызмет еткен азаматтардың жанқиярлық ерлігін тілге тиек етіп, бұл оқиғаның ел тарихындағы орнына ерекше мән берді.
Жиын соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға ардагерлер жан-жақты жауап беріп, кездесудің ашық диалог форматында өтуіне мүмкіндік жасалды.

Бұл шара – өткенді ұмытпай, ерлікке тағзым етіп, жас ұрпаққа өнеге болатын тарихи сәттерден сабақ алу жолындағы маңызды қадам болды.
28 сәуір 2025 ж. 96 0