Орманшылардың еңбегі – табиғатты қорғаумен ғана шектелмейді
Арал десе, ең алдымен теңіз тағдыры, оның тартылған табаны, одан көтерілетін тұзды шаң, сексеуіл мен шөлейт табиғат көз алдымызға келеді. Осындай күрделі табиғи жағдайда орманның әр көшетін өсіріп, оны сақтап қалу – үлкен еңбек пен табандылықты қажет етеді. Бүгінде Арал өңірінде табиғи ортаны қалпына келтіру, құрғаған теңіз табанына сексеуіл егу, орман қорын қорғау, өрттің алдын алу, жануарлар дүниесі мен су айдындарын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.Орманшылар күні қарсаңында осы саладағы жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ директоры Нұрбол Айтжановпен әңгімелескен едік.
– Нұрбол Жаңбырбайұлы, алдымен мекеменің атқарып отырған негізгі жұмыстарына тоқталсаңыз. Арал өңіріндегі орман қорының көлемі қандай?
– Біздің мекеменің негізгі міндеті – мемлекеттік орман қорын сақтау, қорғау, орманды үлкейту, жануарлар дүниесін және су айдындарын қорғау. Бұл – табиғатпен тікелей байланысты, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Мемлекеттік орман қоры аумағының жалпы көлемі 1 млн 376 мың 119 гектарды құрайды. Оның 276 мың 971 гектары орманмен қамтылған. Аралдың табиғи жағдайын ескерсек, бұл аумақты қорғаудың маңызы өте зор. Өйткені әрбір отырғызылған көшет – табиғатты қалпына келтіруге қосылған үлес.
– Биылғы жылдың алғашқы алты айында орман аумағын молайту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– 2026 жылдың басынан бері бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақпан айында қаламшалар дайындалып, сақтау мақсатында Мұзқалаға орналастырылды. Көктем мезгілінде мекеменің орман тұқымбағынан 105 дана сыр талы, 105 дана терек, 625 дана үйеңкі, 765 дана қара ағаш, жалпы 1600 дана саялы ағаш көшеті босатылды. Оның 1000 данасы акция аясында, 600 данасы сатып алу негізінде қазылып алынды.
Сонымен қатар наурыз айында жылдық жоспарға сәйкес 1282,2 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу және 4418 гектар жерге көшет отырғызу, яғни толықтыру жұмыстары жүргізілді.

– Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу – өңір үшін аса маңызды жұмыстардың бірі. Бұл бағытта биыл қандай көлемде жұмыс атқарылды?
– Иә, бұл – мекеме жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі. Құрғаған теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайтуда сексеуілдің орны ерекше.
Көктемгі орман отырғызу жұмыстары үшін көршілес аудандардағы орман мекемелерінен стандартты қара сексеуіл көшеттері қабылданды. Атап айтқанда, Жаңақорғаннан – 516 мың, Шиеліден – 500 мың, Қазалыдан – 235,5 мың, Қармақшыдан – 459 мың дана көшет жеткізілді. Нәтижесінде барлығы 1 млн 710,5 мың дана стандартты қара сексеуіл көшеті Арал теңізінің құрғаған ұлтанына отырғызылды.
Бұл – бір күнде нәтижесі көрінетін жұмыс емес. Сексеуілдің тамыр жаюы, табиғи ортаға бейімделуі уақытты талап етеді. Сондықтан отырғызылған көшеттердің кейінгі жағдайын бақылау, олардың сақталуын қамтамасыз ету де маңызды.
– Алдағы кезеңге қандай жоспарлар бар?
– Күзгі жұмыстар да ауқымды. Алдағы уақытта 4418 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу және толықтыру, сондай-ақ 5427,5 гектар жерге механикалық әдіспен тұқым себу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, күзгі тұқым себу жұмыстары көзделген. Қалған қажетті көшеттер сырт аудандардан тасымалданады.
– Орманды қалпына келтіру тек сексеуіл егумен шектелмейтіні белгілі. Тұқымбақта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әрине. Орман шаруашылығында тұқымбақтың да маңызы зор. Биыл тұқымбақтың мектеп бөліміндегі 0,5 гектар жерге 10 мың дана терек және 10 мың дана сыр талы қаламшасы қадалып егілді.
Сонымен бірге сеппе бөлімінің 0,5 гектар жеріне 100 килограмм қарағаш және 40 килограмм үйеңкі тұқымы себілді. Қазір барлық орман қоры жеріндегі екпе жұмыстарына санақ жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы жоспарларды нақтылауға мүмкіндік береді.

– Аралдың табиғи жағдайында орман өртінің алдын алу да оңай емес шығар. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Орманды отырғызу қаншалықты маңызды болса, оны қорғау да соншалықты маңызды. Өрт қаупі маусымы басталғаннан бері арнайы бұйрықпен өрт мұнарасында және мекеменің әкімшілік ғимаратында кезекшілік тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында бекітілген кестеге сәйкес 29,7 шақырым аумақта, 1042 гектар жерде бақылап өртеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан көлеміндегі ауылдық округтерге 100 ескертпе хат және 100 үнпарақ таратылып, 20 аншлаг қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар ауылдық округтер мен жеке қожалықтарда орман өртінің алдын алу жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері жоспарланған 376 шақырым минералды жолақтың жұмысы жүргізілуде. Мұның барлығы – өрттің алдын алуға бағытталған шаралар.
– Орманды қорғау бағытында рейдтік жұмыстар да жүргізіле ме?
– Иә. Заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты рейдтік жұмыстар ұйымдастырылады. Оның ішінде қарасораға қатысты жағдайлар, орман қорына келтірілуі мүмкін зиянның алдын алу және басқа да заңбұзушылықтарды болдырмау мәселелері бақылауда.
Сонымен бірге мемлекеттік орман қоры жерлерін қорғау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру мақалалары жарияланып келеді.
– Сексеуіл ормандарының жағдайына жүргізілген зерттеулер қандай нәтиже көрсетті?
– Мемлекеттік орман қоры жеріндегі сексеуіл ормандарына орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы 10 мың гектар аумақ зерттеліп, оның 9197 гектарында сексеуілдік «галлица» ауруы анықталды.
Ауру ошақтарын жою мақсатында биыл жер үсті химиялық өңдеу жұмыстары 20097,9 гектар аумақта жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор. Себебі орманды көбейту ғана емес, оның денсаулығын сақтау да біздің басты міндеттеріміздің бірі.
– Мекеме балық шаруашылығы саласында да жұмыс атқарады. Бұл бағыттағы ахуал қандай?
– Арал ауданында балық шаруашылығы үшін маңызы бар 27 су айдыны бар. Оның ішінде Ақбілек, Қалғандария және Сырдария өзенінің Ақлақ тоспасынан төмен Кіші Арал теңізіне дейінгі құяр сағасы резервтегі су айдындары болып табылады. Бұл су айдындарында су деңгейі, балық шабақтарының жағдайы, су алу мәселелері бойынша тұрақты бақылау жұмыстары жүргізіледі.
Мәселен, қаңтар-ақпан айларында мұздың қалың қатуына байланысты балық шабақтарының қырылу қаупі туындады. Себебі мұздың қалыңдығынан күн сәулесі суға толық түспей, еріген оттегі азаяды. Осындай жағдайда мекеме қызметкерлері мұздан ойықтар ойып, қамыс арқылы ауа жіберу жұмыстарын жүргізді. Бұл – балық шабақтарын сақтап қалуға бағытталған шара.
– «Таза су айдындары» акциясы аясындағы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Көктем айларында «Таза су айдындары» акциясы аясында санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері жергілікті ауыл тұрғындарымен бірлесіп, Қамыстыбас ХО-ның 8, 9, 10, 11 учаскелерінде, Ақбілек көлінде және Сырдария өзенінің төменгі ағысы – Ақлақ су тоспасынан Кіші Арал теңізіне дейінгі аралықта тазалық жұмыстарын жүргізді.
Су айдындарының жағалаулары ескі аулардан және тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Нәтижесінде 7,2 тонна қалдық қоқыс пен 40 дана ескі ау жиналып, жойылды. Бұл жерде табиғатты қорғау тек мекеме қызметкерлерінің міндеті емес екенін айтқым келеді. Табиғат – барлығымызға ортақ. Сондықтан жергілікті тұрғындардың да белсенділігі маңызды.
– Аралдың экологиялық жағдайын жақсартуда орман отырғызудың маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Құрғаған теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту үшін Қазақстан бөлігінде бірнеше жылдан бері орман отырғызу жұмыстары жүргізіліп келеді.
2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 192,8 мың гектар жер игерілген. Оның ішінде 1991-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен 119,7 мың гектарға сексеуіл егілді.
Бұл жұмыстарға халықаралық ұйымдар да қолдау көрсетті. Халықаралық Аралды құтқару қоры, Германия ынтымақтастық ұйымы, Қазақстан және Дүниежүзілік банк, Оңтүстік Корея тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, әр жылдары түрлі аумақтарға орман отырғызылды.
Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021-2026 жылдары 1,1 млн гектар алқапқа фитомелиорация жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесі біртіндеп байқалып келеді. Өйткені сексеуіл өскен жерде топырақ бекіп, табиғи орта қалпына келе бастайды.
– Экожүйені қалпына келтіру бағытында тағы қандай жұмыстар жүргізілді?
– Экожүйені қалпына келтіру мақсатында «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қаржыландыруы есебінен 500 метр тереңдіктен екі тұщы су ұңғымасы қазылып, іске қосылды. Қазіргі таңда ұңғымалардан шыққан су жайылған аумақта шөптесін өсімдіктер пайда болып, табиғи орта қалыптаса бастаған. Жабайы аңдар мен құстардың көбейгені байқалады. Бұл – табиғатқа жасалған әрбір нақты қадамның өз нәтижесі болатынын көрсетеді.
– Орман билеттерін беру, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры жерінен 26 жеке және заңды тұлғаға орман билеті берілді. Жалпы 4175,4 гектар жер уақытша пайдалануға берілген. Оның ішінде мал жаю, ғылыми-зерттеу және қамыс дайындау мақсаттары бар.
Атап айтқанда, мал жайылымы үшін – 17, ғылыми-зерттеу мақсатында – 1, қамыс дайындау үшін 8 орман билеті берілді. Нәтижесінде бюджетке 1378,1 мың теңге қаржы түсті. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде арыз-шағымдар мен белгіленген мерзімдерді бұзу фактілері тіркелген жоқ.
Осы ретте тағы бір айта кетейін дегенім, сіздерге рақмет. Табиғатты қорғау ісіндегі еңбекті елге жеткізу, оның маңызын түсіндіру де маңызды. Орманшы еңбегіне көрсетілген құрмет – табиғатқа көрсетілген құрмет деп білеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ










