Қызылордалық полицейлер студенттерге ашық есік күнін өткізді
Қызылорда қаласы Полиция басқармасында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттеріне арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.Тағылымды кездесудің басты мақсаты – полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Іс-шараны Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Ләззат Ахметова жүргізді.
Ашық есік күні аясында студенттер полиция басқармасының құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Экскурсия барысында уақытша ұстау изоляторының, жедел-криминалистикалық бөлімнің және кезекші бөлімнің «102» арнасына келіп түсетін хабарламаларды тіркейтін қызметі көрсетілді. Сондай-ақ студенттер қылмыстық істерді тергеу тәртібі мен қабылдау-тарату мекемесінің жұмысы туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында жастар полиция қызметіне қабылдану талаптары, қызметтік міндеттер мен жауапкершілік, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөнінде сұрақтар қойды. Ләззат Сүндетқызы студенттердің сауалдарына жан-жақты жауап беріп, заң талаптарын сақтау, құқық пен міндеттерді білу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну әрбір азамат үшін маңызды екенін атап өтті.
Мұндай танымдық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға деген құрметін арттыруға, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастырып, құқықтық сауатты қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.










