Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласының цифрлық трансформациясы: Qalqan жүйесінің мүмкіндіктері

Денсаулық сақтау саласының цифрлық трансформациясы: Qalqan жүйесінің мүмкіндіктері

Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның негізгі бағыттарының бірі – медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын Qalqan цифрлық жүйесіне енгізу. Бүгінгі таңда өңірдегі 703 өндірістік базаның 685-і цифрландырылды. Бұл жалпы санның 97,4 пайызын құрайды.
Цифрлық трансформация және Qalqan жүйесін енгізу барысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Медициналық, Фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері, сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері басшыларының қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.
Өндірістік базаларды цифрландыру медициналық ұйымдардың ресурстары мен нақты мүмкіндіктері туралы бірыңғай электрондық деректер қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйеде мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, кадрлық әлеуеті және медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері туралы мәліметтер жинақталады.
«Цифрландыру – ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды құрал. Медициналық ұйымдардың мүмкіндіктері туралы нақты әрі өзекті мәліметтер олардың әлеуетін объективті бағалауға, медициналық көмек көрсету көлемін сапалы жоспарлауға және оны қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – деректердің толықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету. Сонда цифрлық құралдар пациенттер мен медициналық ұйымдардың игілігіне қызмет етеді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Сапар Рахменшеев.
Qalqan жүйесі медициналық көмек көрсету көлемін жоспарлау, бөлу, көрсетілген қызметтерді мониторингтеу және оларды төлеу үдерістерін жетілдіруге арналған бірыңғай құрал болмақ. Сонымен қатар, бұл жүйе қолданыстағы медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайды, керісінше, денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын толықтырып, олардың өзара ықпалдастығын қамтамасыз етеді.
«Цифрлық жүйенің тиімділігі енгізілетін ақпараттың сапасына тікелей байланысты екенін түсіну маңызды. Сондықтан Қор медициналық ұйымдармен бірлесіп, өндірістік базаларды цифрландыру, мәліметтерді уақтылы жаңарту және олардың дұрыстығын тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл қабылданатын шешімдердің объективтілігін арттырып, медициналық көмек көрсетуге бағытталған қаражатты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сапар Рахменшеев.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Өндірістік базаларды цифрландыру - медициналық қызметтердің сапасы мен пациенттердің мүддесіне бағдарланған ашық, заманауи әрі тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды 
қадам.
03 қараша 2026 ж. 64 0