Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильді аударымдар: кімге салық салынады?

Мобильді аударымдар: кімге салық салынады?

Мобильді аударымдарға қатысты соңғы жа­ңалықтың бірі – бақылау өлшемшартта­рының өзгеруі. Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, 10 қарашадан бастап жеке тұлғалардың банк шоттарына түсетін мобильді аударымдарды бақылау шегі өзгереді. Бұған дейін үш ай ішінде түскен қара­жаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен, яғни
1 миллион 20 мың теңгеден асса, енді бұл көрсеткіш 360 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Бұл – 1 миллион 557 мың теңге. Дегенмен мұнда бір маңызды жайт бар.
Аударымның сомасы ғана есеп­ке алынбайды. Бақылауға ілігуі үшін бірнеше талап қатар орында­луы қажет. Мәселен, жеке тұлғаның кәсіпкерлік мақсатта пайдаланыл­майтын банк шотына әр ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адам­нан қатарынан үш ай бойы ақша тү­суі және осы кезеңдегі жалпы түсім 360 АЕК-тен асуы тиіс.  Бір адамнан бірнеше рет ақша алу немесе үш айда бір миллион теңгеден астам қаражаттың түсуі өздігінен салық­тық тексеруге негіз болмайды. Не­гізгі назар көптеген адамнан жүйелі түрде ақша қабылдап, оны кәсіп­кер­лік табыс ретінде пайдалануы мүмкін тұлғаларға аударылады.
Бұл ретте қарапайым азамат­тардың алаңдауына негіз жоқ. Өйт­кені туыстардан, достардан келген ақша, туған күнге бе­ріл­ген сыйлық, қарызды қайтару, емделуге немесе басқа да жеке қажеттілікке жинал­ған қаражат автоматты түрде кәсіп­керлік та­быс болып саналмайды.
Облыстық мемлекеттік кі­ріс­тер департаментінің түсіндіру жұмыс­тары және байланыс орталығы бас­қармасының басшысы Гүлсара Қа­рым­сақ­ованың айтуынша, жеке тұл­­ғалардың банк шот­тарына тү­сетін аударымдарға қа­­тысты салық­тық бақылау кү­шей­ді. Енді белгілі бір талаптарға сәй­кес келетін опера­циялар кәсіп­кер­лік қызметтен түс­кен кіріс­тің бел­гісі ретінде қарасты­рылуы мүм­кін.
Бұл жаңашылдық қоғамда түрлі сауал туғызып отыр. «Же­ке картаға ақша қабылдаған әр азамат салық төлей ме? Қандай аударымдар ба­қылауға ілігеді? Туыстар мен дос­тардан түскен қаражат қалай есеп­теледі?» де­ген секілді. Бақылаудың нақты өлшемшарты бар.
– 2026 жылы 1 қаңтардан бас­тап қолданысқа енгізілген Салық ко­дексінің 55-бабының 24-тармағына сәйкес, банктер мемлекеттік кіріс­тер органда­рына жеке тұлғаның кә­сіпкерлік қызметтен кіріс алу бел­гілері бар операциялары анықталған жағдайда түскен ақшаның жиын­тық сомасы туралы мәлі­меттерді ұсынуға міндетті. Бұл жерде бір ма­ңызды мәселені ес­керген жөн. Жеке шотқа ақша түсуінің өзі автоматты түрде са­лық салынатын табыс бо­лып есептелмейді. Мәселен, туыс­тар­дан келген көмек, достар ара­сын­дағы қарызды қайтару, ортақ шығынға жиналған қара­жат немесе өзге де кәсіпкерлікке қатысы жоқ аударымдар болуы мүмкін.
Сондықтан жаңа тәртіптің мақ­саты – азаматтардың барлық ауда­рымына салық салу емес, жеке тұл­ғаның жеке шотын кәсіпкерлік қыз­мет үшін пай­далану белгілерін анықтау. Егер банктер ұсынған мә­ліметтер бел­гіленген өлшемшарт­тарға сәй­кес келсе, мемлекеттік кі­ріс­тер органдары тиісті шоттарды бақылауға алып, азаматтарға ха­бар­лама жолдайды.
Мұндай жағ­дайда жеке тұлға банк шо­тына түскен қа­ражаттың кә­сіп­керлік қызметтен алынбағанын растайтын мәліметтер мен құ­жат­тарды ұсына алады. Мә­се­­лен, ақша туыстарынан көмек ре­тінде келсе, қарызды қайтару мақ­сатында ауда­рылса немесе басқа да кәсіпкерлікке қатысы жоқ негіздер бойынша түс­се, оны тиісті құжат­тар­мен түсін­діру маңызды.
Ұсы­ныл­ған дә­лел­дер қабылда­нып, ха­бар­ла­­ма­дағы талаптар орын­­далған жағ­дайда, мәселе ретте­леді. Дәлел болмаса, салық мін­дет­­те­месі туын­дауы мүмкін. Ал егер азамат банк шотына түскен қа­ражат­тың кәсіп­керлікке қатысы жоқ екенін дәлел­дей алмаса, са­лықтық міндет­темелер туын­дауы ықтимал, – дейді Г.Қа­рым­сақова.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
 «Сыр бойы»

syrboyi.kz
Фото: Нұрболат Нұржаубай
08 қараша 2026 ж. 18 0