Билер кеңесінің қызметін дамыту мәселелері талқыланды
Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтовтың қатысуымен «Билер кеңесінің қызметін дамыту мәселелері» тақырыбында жиын өтті.
Жиынға аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев, аудандық Билер кеңесінің төрағасы мен мүшелері қатысты.
Кездесу барысында облыстық Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов Билер кеңесінің негізгі мақсаты - халық арасындағы ұсақ-түйек даулар мен келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей, ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен бейбіт жолмен шешу екенін атап өтті. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы билер сотының тарихи рөліне тоқталып, Билер кеңесі жұмысының негізгі қағидаттары мен қызмет тәртібін түсіндірді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, кеңес қызметі туралы халық арасында түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүргізуге шақырды.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев өз сөзінде билердің сан ғасырлар бойы қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділдікті сақтауға, құқықтық қатынастарды реттеуге және құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ Билер кеңесінің қызметін жандандырып, оның маңызын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды.
Аудандық соттың төрағасы Р.Алдамбергенов Билер кеңесінің қызметін дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып қала беретінін, себебі ата-бабамыздан мирас болған билер дәстүрін жалғастырып келе жатқан ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі, өнегелі тәрбиесі мен салмақты сөздері қоғамдағы көптеген келіспеушіліктер мен дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге ықпал ететінін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің маңыздылығына да ерекше назар аударды.
Шара барысында қатысушылар кеңес жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Арал аудандық соты.











