Пиротехникалық – қауіптің көзі
ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, жаңа жылдық мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдар айналымының белгіленген қағидаларын сақтауын және оларды қолдануын бақылау мақсатында Арал ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық өртке қарсы қызмет бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп, 2026 жылдың 10 қарашасы мен 2027 жылдың 3 қаңтары аралығында екі кезеңде республикалық «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен, аумақтық мемлекеттік кіріс және азаматтық қорғау органдарымен бірлесіп, сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, орталық базарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ескертпе жадынамалар таратылуда.
Мереке қарсаңында балалардың жарақаттануына жол бермеу мақсатында барлық білім беру мекемелерінде Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторлары, АҚАБжТҚПт-ның қызметкерлері өртке қарсы қызмет бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп, оның ішінде білім беру мекемелерінің аумағында пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың жолын кесуге бағытталған қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Барлық анықталған заңбұзушылық фактілері бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады.
Арал ауданының полиция бөлімі










