Өнерлі әже – өнегелі ұрпақ
16 қазан күні Қамыстыбас ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Арт уақыт» жобасы аясында «Асыл әжелер» ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Өнерлі әже – өнегелі ұрпақ» атты мерекелік концерт өткізілді.
Мерекелік кештің мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтау, салт-дәстүрімізді дәріптеу, әжелердің қоғамдағы орнын айқындау және олардың кейінгі ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесін насихаттау.
Концерттің шымылдығы ансамбльдің он жылдық өнер жолын, концерттерге, мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараларға қатысуын бейнелейтін бейнероликпен ашылды. Одан кейін әже тәрбиесі мен ұрпақ сабақтастығын арқау еткен тағылымды көрініс қойылып, әже ұрпағына ақ батасын берді.
Кештің жүргізушілері көрермендерге мерекелік лебіздерін білдіріп, «Асыл әжелер» ансамблінің он жылдық шығармашылық жолы, ауылдың мәдени өміріне қосқан үлесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегі туралы атап өтті.
Концерттік бағдарлама «Асыл әжелер» ансамблінің орындауындағы Оразбек Қиынбаевтың сөзіне жазылған, Ербол Бәтеннің «Аман ба?» әнімен жалғасты. Одан кейін ансамбль мүшелері сөзі Тұманбай Молдағалиевке, әні Шәмші Қалдаяқовқа тиесілі «Әнім сен едің» әнін орындады.

Мерейтой иелеріне құттықтау сөз сөйлеген ауыл әкімі Азат Төлебайқызы ансамбль мүшелеріне ізгі тілектерін арнап, мерейлі белестерімен құттықтады. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары Абатов Аманқос пен Ділмағанбетов Нұржау сахна төріне көтеріліп, ақжарма тілектерін білдіріп, өнер ұжымының шығармашылығына табыс тіледі.
Кеш барысында «Асыл әжелер» ансамблі би өнерін ұсынып, көрермендердің ықыласына бөленді. Ансамбль мүшесі Мира Төлеева Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әнін орындаса, Мадина Нұрымбетова Қасымқан Бегмановтың сөзіне жазылған, Арман Бексұлтанның «Ел аман болсын» әнін шырқады.
Байғали Тайжанов «Балықшы ауылы» термесін орындап, туған жердің тыныс-тіршілігін терме арқылы жеткізді. «Асыл әжелер» ансамблі халықтың көңілді әндері «Тойбазар» мен «Үгайым-ай» әндерін орындап, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Ал Жанділдаев Мейрамбек пен Тайжанов Байғали «Қарттарымды сағындым» әнін көрермен назарына ұсынды.
Ансамбльдің ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған шығармашылық ізденісі «Қазан жарыс» көрінісі арқылы жалғасын тапты. Аталған қойылым аудандық байқауда Бас жүлдеге ие болған болатын. Көрініс барысында ұлттық салт-дәстүріміз бен әжелердің өмірлік тәжірибесі сахналық қойылым арқылы көрініс тапты.
Келесі кезекте Хасен Әсем «Шүкірім» әнін орындады. Ал ансамбль мүшесі Гүлнар Жандасова ақын Мөлдір Айтбайдың «Мен әйелмін» өлеңін оқып, әйел болмысы мен ананың қадір-қасиетін көркем сөз арқылы жеткізді.
Кештің әнге толы сәттері Анаркүл Әбдірахманова мен Мира Төлееваның Жағыпар Әлімхановтың «Сүйгендер жырлайды» әнін орындауымен жалғасты. Мадина Нұрымбетова мен Лида Жүсіпова «Аралдың адамдары» әнін шырқап, туған жерге деген сүйіспеншілік пен Арал жұртының болмысын ән арқылы бейнеледі.
Мира Төлеева Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін домбырада орындап, ұлттық күй өнерінің құдіретін танытты. Одан әрі «Асыл әжелер» ансамблі «Қырманға кел, қалқатай» және «Үкілі қыз» әндерін орындап, бағдарламаға ерекше көңіл күй сыйлады. Концерттік бөлім домбыра мен баян сүйемелдеуіндегі попурримен жалғасты.
Мерейтойлық кештің қорытынды бөлімінде Қамыстыбас ауылдық клубының директоры Сағымкүл Алданқызы сахнаға көтеріліп, «Асыл әжелер» ансамблін он жылдық мерейтойымен құттықтады. Ансамбль мүшелеріне алғысын білдіріп, шығармашылық табыс, отбасыларына амандық пен зор денсаулық тіледі. Құттықтау сөзінен кейін мерейтой иелеріне гүл шоғы мен сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында жүргізушілер ансамбль мүшелеріне ізгі тілектерін білдіріп, өнерлерінің өркендеуіне, әндерінің шырқала беруіне тілектестік танытты. Сонымен қатар мерекелік кешке қатысқан көрермендерге алғыс айтылды.
Он жыл бойы өнерді өміріне серік етіп, ауылдың мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараларына белсене қатысып келе жатқан «Асыл әжелер» ансамблінің мерейтойлық концерті ұлттық өнер мен ұрпақ сабақтастығын дәріптеген тағылымды кеш болды.










