Ұрпаққа ұлағат сыйлаған тағылымды кеш
Қарттар күніне орай №292 Келешек мектебінде «Әжемнің ертегісі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мектептің мектепалды даярлық тобының мұғалімі Жұлдыз Отызбаева "Біздің көздегеніміз – өскелең ұрпаққа қарт адамдарды, соның ішінде аяулы әжелерді құрметтеуді, сыйлауды үйрету, әженің отбасындағы ерекше орнын таныту, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу" деп тағылымды шараның түпкі мақсатын айтып өтті.Мерекелік кеш әсем әнмен басталды. Одан кейін аяулы әжелерді мерекемен құттықтап, әже – отбасының берекесі, ақылшысы, мейірімнің символы екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі кездесудің ерекшелігі – әжелердің немерелеріне өздері білетін ертегілерін, өмірден түйген өнегелі әңгімелерін айтып, кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңестерін жеткізуі екендігі айтылды.
Шара барысында оқушылар өз әжелерімен таныстырып, олардың отбасындағы орны мен қадірі жайлы жылы лебіздерін білдірді. Қатысқан әжелер немерелеріне қызықты ертегілер айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әжелердің әңгімесінен мейірім, ізгілік, үлкенді сыйлау, еңбекқорлық сияқты адамгершілік құндылықтардың маңызы көрініс тапты.
Кештің көркін мектептің «Назқоңыр» би тобының биші қыздары «Тентегім» биімен қыздырды. Бүлдіршіндердің әсем биі әжелерге ерекше көңіл-күй сыйлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір қызықты бөлімі – «Әжемнің еркелетуі» ойыны болды. Ойын барысында әжелер немерелерін қандай жылы сөздермен еркелететіндерін айтып, немерелеріне деген шексіз мейірімдерін көрсетті. «Құлыным», «ботам», «жаным», «айналайын» секілді жүрекке жылы сөздер айтылып, әже мен немере арасындағы ерекше байланыс айқын сезілді.
Кеш барысында оқушылардың орындауында әндер шырқалып, оның ішінде Мұхтарбек Шахбанудың «Ата-әжем» әні мерекелік көңіл-күйді одан әрі көтере түсті. Әжелердің өнері де кештің көркін қыздырды. Бірі домбыраны қолға алып, әуелетіп ән шырқаса, бірі өлең оқып, қолөнерден сый ұсынды. Іс-шараға Жұмагүл Бисенбаева – немересі Омар Әлімұлымен, Несібелі Ұзақбаева – немересі Ай-Дария Амангелдімен, Айсұлу Жетенова – немересі Әмір Оңалбекпен, Мереке Әлішева – немересі Иманәли Мұхансерікмен, Марал Ізбасарова – немересі Айкөркем Әлібекқызымен, Ғафура Қосбармақова – немересі Назмейір Жексембаймен қатысып, шара соңында мектеп атынан қатысқан аяулы әжелерге Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Марапаттарды мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Ембергенова табыстады.
«Әжемнің ертегісі» атты тағылымды кеш – әже мен немере арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, балаларға үлкенді құрметтеу, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, отбасы құндылықтарын бағалау сияқты маңызды ұғымдарды бойына сіңірген әсерлі кездесу болды.
Оңталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ










