Балаларға қуаныш сыйлаған мерекелік кеш
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты «Қамқорлық» оңалту орталығында “AMANAT” партиясының қолдауымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кешке аудандық мәслихаттың және партия филиалының төрағасы Базарбай Шөменұлы Төрахметов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Мырзағұлұлы Қанатов, аудандық мәслихат депутаты Лаура Қолғанатқызы Ибраимова және партия филиалының қызметкерлері қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.Мерекелік бағдарлама барысында балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар ата-аналар мен балалардың қатысуымен түрлі қызықты ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Бүлдіршіндердің шат күлкісі мен қуанышқа толы жүздері мерекенің көркін аша түсті.
Шара барысында сөз алған қонақтар жас ұрпақтың амандығы мен бақытты балалық шағы – қоғамның басты байлығы екенін атап өтіп, балаларға зор денсаулық, жарқын болашақ тіледі. Мұндай игі бастамалардың өскелең ұрпақтың өмірге деген сенімін нығайтып, олардың жан-жақты дамуына оң әсер ететіні айтылды.
Іс-шара соңында Арал аудандық «Қамқорлық» оңалту орталығының ұжымы мерекенің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясына және басқа да демеушілерге алғыстарын білдірді. Сондай-ақ бүлдіршіндерге мықты денсаулық, шаттыққа толы балалық шақ пен жарқын болашақ тіледі.
Балаларға қуаныш сыйлаған бұл мерекелік кездесу қоғамдағы қайырымдылық, жанашырлық және қамқорлық құндылықтарының жарқын көрінісіне айналды.
#АМАНАТ














