Өнегелі отбасы – өнегелі ұрпақтың бастауы
Отбасы күніне орай З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде «Өнегелі отбасы – өнегелі ұрпақтың бастауы» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесінің маңызын насихаттаған басқосуға қаладағы өнегелі отбасылар – Елеусізовтер, Кенжәлиевтер және Махамбетовтер әулеттері қатысты.Кеш барысында көпке үлгі болған отбасылар өздерінің еңбек жолы, шаңырақтағы қалыптасқан дәстүрлері, бала тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдары жайында әңгімелеп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Отбасындағы өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұрпақ сабақтастығын сақтау сынды құндылықтар кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында отбасы мүшелеріне арнайы тақырыптық сұрақтар қойылып, қызықты бейнероликтер көрсетілді. Әсерлі естеліктер айтылып, өнегелі әңгімелер өрбіді. Ән-жыр орындалып, ақ баталар беріліп, ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық тәрбиенің мән-маңызы айшықтала түсті.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, бала бойындағы ізгі қасиеттің қалыптасуында отбасының орны ерекше. Шаңырақтағы жылылық пен татулық, ата-ана тәрбиесі мен отбасылық өнеге – келешек ұрпақтың берік негізі. Осы ретте кешке қатысқан өнегелі отбасылардың өмір жолы жастарға үлгі боларлық тағылымды ойларға толы болды.
Шара соңында З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры Нұрмағанбетова Маруся Қуантқанқызы кездесуге қатысқан отбасыларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар әр шаңыраққа зор денсаулық, береке-бірлік, отбасылық бақыт тілеп, ұрпақтарының болашағы жарқын болуына ақжолтай тілегін білдірді.
Осындай тағылымды кездесулер арқылы отбасы институтының маңызы артып, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің қадірі кейінгі буынға насихаттала беретіні сөзсіз. Өйткені өнегелі отбасы – өнегелі ұрпақтың, ал өнегелі ұрпақ – елдің жарқын болашағының бастауы.
Н.БАҚЫРАН










