Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайым Мұхамедқанов Алаштың рухымен өмір сүрді – қызы

Қайым Мұхамедқанов Алаштың рухымен өмір сүрді – қызы

Қайым Мұхамедқановты Алаштың соңғы тұяғы деп текке айтпайды. Ол Алаштың рухымен өмір сүрді, солардың есімдерін мәңгі сақтау жолында көп қуғындалды. Бұл туралы ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедқановтың қызы Дина Мұхамедхан Алматыда өткен конференция барысында айтты.

«Алаш арыстары және ашаршылық» тақырыбында өткен конференцияға 1937 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының ұрпақтары қатысып, сол кездегі саяси режимнің құрбаны болған ата-бабалары жайлы естіген естеліктерімен бөлісті.

«Рухани жаңғыру» - бұл тарихтың шындығын айту» - деп сөзін бастаған Дина Мұхамедхан әкесінің Алаш орда рухымен өмір сүргенін айтып берді.

«Негізі атам Мұхамедхан Сейітқұлов алашордалықтармен тығыз байланыста болған. Қайым Мұхамедқанов бала кезінен солардың тәрбиесін көріп өскендіктен оның басты міндеті алашордалықтардың есімін, олардың дүниелерін сақтау болды. Ол 30-дан аса Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен есімдерін сақтап, қазіргі күнге жеткізе білді. Бұл адамдардың ғылыми биографиясын жазды. Абай мен алашордалықтардың шығармаларын сақтауға тырысты», - дейді ол. 

Сөз арасында ол Қайым Мұхамедқановтың алашордалықтар еңбегін сақтап, абайтану жолында атқарған еңбегі үшін төрт рет қуғындалып, қамалғанын жеткізді.

«Алғаш рет 1932 жылы қамалғанда оның жасы бар болғаны 16-да ғана болыпты. Ол кезде босатқан. 1937 жылы тағы да қамауға алған, ол кезде он күнге қамап, әкесін атып тастаған. 1951 жылы ғылым үшін тағы да қамайды. Ол уақытта марксизм мен ленинизмді мойындамай, Абай мектебін зерттегені үшін жазаланған. Оған «Абай мектебін жоққа шығар, сол кезде жібереміз» деген шарт қойған. Ол одан бас тартып, Абай мектебі бар деген ұстанымынан қайтпаған. «Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп тұрып алған. Алашордалықтардың есімдері ұмытыла бастағанда ол бәрін сызып, жазып, фотоларына дейін сақтай білді. Сонымен қатар, ол Абай музейінің іргетасын құрған адам. Бұл жолда да көп еңбек етті», - дейді Дина Мұхамедхан

Оның айтуынша, 1949 жылы Қайым Мұхамедқанов Абайға ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріп, жоғары жаққа хат жазған. 

«Ешкім қазақтың бас ақынына ескерткіш орнатқысы келмеген, оның бай әулеттен шыққанын сылтау еткен. Дегенмен әкеміздің табандылық танытуының арқасында ескерткіш бәрібір орнатылды. Ол Шәкәрім және басқа да халық жауы деп танылған ағартушылардың атын ақтау тұрғысында көп еңбектенді және сондай күннің туатынына сенді», - дейді ғалымның қызы.

Сондай-ақ, ол атасы Мұхамедхан Сейітқұловтың да көзі ашық азамат болғанын әрдайым алашордалықтармен араласып, тығыз байланыста болғанын айтты.

«Оның үйі алашордалықтардың жиналатын орны болған екен. Өте беделді адам болған, үйіне Абай мен Шәкірім, олардың шәкірттері келіп тұрған. Сонымен қатар, ол «Сарыарқа» газетін және «Абай» журналадарын шығаруға қолғабыс етіп, демеушілік танытқан. 1937 жылы 2 желтоқсанда Семей қаласында үлкен қылмыс болған. Бірден жүз адамды атып тастаған, оның ішінде Мұхамедхан Сейітқұлов та бар. Олардың қайда жерленгені әлі күнге дейін белгісіз, оның бәрін жасырып отыр. Біз ҰҚК-ге, ІІМ-не барлығына хат жаздық. Өкінішке қарай осындай азаматтардың есімдері қазір ұмытылып барады. Келесі жылы ол кісінің туғанына 150 жыл толады, соны абыроймен атап өтсек жақсы болар еді», - дейді Дина Мұхамедхан.

https://baq.kz 

30 мамыр 2019 ж. 730 0