Жаладан кеткен асыл ер

Солардың бірі – Емберген Төлегенов. Ол 1903 жылы Арал ауданына қарасты №19 ауылда туған. «Орджоникидзе» колхозының мүшесі. Аяқ астынан, 29 қазан 1937 жылы Арал аудандық НКВД арқылы қамауға алынып, «ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның мүшесі бола тұра, қолхоз құрылысына қарсы қастандық жасап, 6 гектар күріш егістігін суға алдырып құртқан, бидай егісіне қасақана мал жайдырып жегізген, колхозшыларды сельхозартель жарғысына (уставына) сәйкес өтуге қарсы үгіттеген, колхозшыларды басқа аудандарға көшуге азғырған, заемға жазылуға қарсы болып, оған жазылмауға колхозшыларды үгіттеген» деген айып тағып, Ақтөбе облыстық УНКВД «үштігінің» қаулысымен 30 қараша 1937 жылы 10 жыл бас бостандығынан айыруға соттаған. Қуғын-сүргінге ұшырағандар кейін ақталғанда, оған таққан «үштіктің» айыбын оқығанда өзің де таңғаласың. Яғни, «колхоз құрылысына қарсы», «қастандық», «үгіттеген», «азғырған», «контрреволюциялық әрекет» секілді сөздерді көп қолданған. Бір сарындас. Соған қарағанда, жазықсыз адамдарды қамап, бірден «үштіктің» сырттай жапқан айыбымен соттаған. Жазықсыз емей не дейсің?
Сөйтіп, «бәле жабайын десе, аяқ астында» деген «құйтырқылық» саясаттың құрбанына айналған Емберген Төлегенов Ярослав облысы, Углич қаласындағы «Волголаг» еңбекпен түзеу мекемесінен бір-ақ шығады. Сонда жүріп өкпесіне салқын тигізіп алып, ауырады. 10 жыл айыбының үш жылына бір күн қалғанда, яғни 29 қараша 1940 жылы сол меңдеген өкпе ауруынан қайтыс болады.
«Аққа құдай жақ» деген. Жазықсыз жазаланған ер-азамат Емберген Төлегенов 16 қаңтар 1989 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығының 1 статьясына сәйкес 11 қыркүйек 1989 жылы толық ақталды. Мұны жұбайынан басқа, кейінгі жылдары өмірден өткен Балхаш, Әбілхан, Қойқын сынды ұл-қыздары естіп кетті.
Кезінде көне көз қариялардың: «Емберген жаламен нақақ кетті ғой»,–деп жанашырлық танытып, айтып отырғанын талай естігенмін. Кешегі заманда байларды кәмпескелеп, жер аударып жатқанда сауаты аздау болса да, ауылдық кеңестің төрағасы болған Бәлдір атамыз бірде-бір адамға зәбір көрсеткен жоқ, қайта арашалап қалғанын жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.
Ал мына қарапайым шаруа адамы Ембергеннің жалған белсендінің кесірінен қамауға алынып, өмірден ерте кеткенін өз ағайынымыз ішінен бәле тілеуші шықпасына кім кепіл болады? Бұл менің сөзім емес, марқұм Қойқын апамыздың «ағайынға тиіп кетпесін» деген ишарасы.
Қойқын – Ембергеннің кенже қызы, Сексеуілдің тұрғыны. Осыдан 4-5 жыл бұрын қайтыс болып кетті. Әкесінен өте жастай қалған, жақсы көретіні сондай, Углич қаласындағы «Волголаг» еңбекпен түзеу мекемесінен өлеңмен жазған хатын сарымайдай сақтап жүруші еді марқұм. Енді әруақ риза болсын деп, осы өлең хаттың бір сөзін түзетпей оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Келіп едік дәм айдап,
Бір бөлек адам біз елден.
Мұндай ұзақ сапарды,
Бұрын, сірә, кім көрген?..
Келгесін уақыт айырылдық,
Ықтиярлы күндерден.
Опасыз қалған бұл дүние,
Қалмады қашан, кімдерден?..
Науқас кірді бойыма,
Енді маған күн болмас,
Дәм тату барып елімнен.
Мұңымды шағып айтайын,
Қасымдағы ағалар.
Басыңа қиын іс түссе,
Қарасады екен жаны ашып,
Ақылы, сірә, бар адам.
Неге мұқтаж болсам да,
Әкеліп тұрды даладан.
Қайдан іздеп табамын,
Молдаштай жақсы ағадан.
Қарағым, жаным, Балхашым,
Әбілхан, Ертай, Қойқын жалғасым.
Келеді деп күткен әкеңіз,
Арманда мұнда қалғанын.
Ие болар орнымда,
Өзімнен қалған бала бар.
Күн көретін қолында,
Азын-аулақ қара бар.
Жаны ашитын туысқан-тума бар.
Тату болған жолдасым,
Шаруашылығымды басқарып,
Балдарымды жақсы бақ.
Аманкелді Өткелбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі