Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СОЙҚЫН САЯСАТТЫҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНДАРЫ

СОЙҚЫН САЯСАТТЫҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНДАРЫ

Бұрынғы КСРО-ның кезінде Қазақстан халқы талай тауқыметті, дүрбелең жылдарды басынан өткерді. Яғни, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғына қарай Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшылары мен белсенді қайраткерлерін тұтқындап, соттап, қудалады. Одан соң «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» зұлмат заманда, асыра сілтеушіліктің содыр саясатынан бар малынан айырылған халқымыз аштықтың азап-зардабын тартты. «Малымыздан айырылмаймыз» деп жерінен ауа көшкені көшті, көшпегені аштық пен суықтан бүрсең қақты. Тіпті, өліктері әр ауылда жүзден, мыңдап саналып жатты. Мұны халыққа келген зобалаң демей, не дейсің?
«Ашаршылық жылдардағы мәліметтерге жүгінсек, 1930 жылы қазақтардың саны 1 миллион 372 мың адам болса, 1936 жылы 3 миллион 287 мыңға жеткенде, енді келіп зұлмат жылдарда тағы 2 милли- оннан астам қандасымыздан айырылыппыз. Ол-ол ма, ел басына түскен осындай қиындықтарға қарсы қаймықпай, бел түре еңбек етіп жатқан халқымыздың біртуар азаматтарына да ұлтшылдықтың қамыты киіліп, «халық жауы» атанып, айдалып кете барды. Бұл сол кездегі қоғамның қатыгез басшысы И.В.Сталиннің жандайшабы Л.Берияның қолындағы ішкі істер халкомының жазалау шаралары еді. Бұл тұста да қоғамның қаймағы дерлік, белгілі зиялы қауым өкілдерінен жазықсыз жапа шекпеген жан қалмады. Тіпті, шалғай ауылдардағы шаруа баққан, екі әріптің ба- сын қоса алмайтын сауатсыз, қарапайым адамдардың өзі осынау қатыгез кезеңнің құрбаны болғанын аңғаруға болады.
Тек қана Сыр бойында сол сұрапыл кезеңде жазықсыз азаматтардың үстінен 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалып, тіпті, бір іс бойынша бірнеше адам тартылып, 200 адам ату жазасына кесілген. 200 адам әлі күнге дейін ақталмаған. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының адал есімін елге қайтару, осы саясаттың ақиқатын ашу тек еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана іске асырыла бастады.
1997 жылы 30 мамырда елімізде тұңғыш рет саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарына Үндеу жолдап: «Тоталитаризм қапасында өмірі қиылған жандардың, сондай-ақ, бастан кешкен қасіретті өле- өлгенше санамызда жаңғыртып, сол қорқынышты шындықты бізге жеткізген, азап көрсе де, аман қалу бақытына ие болған жандардың қай-қайсысы да біз үшін ерекше қымбат, айрықша қастерлі. Олар ұрпақ санасында мәңгі өмір сүреді... Осы күнге жете алмай, зорлық пен зомбылық көріп, көздерін жұмған аталарымыз бен ааналарымыздың, ағаларымыз бен апаларымыздың жандары жәннатта болғай!»–деген еді.
Шындығында, жандары жәннатта болғай. Осы бір сойқын саясаттан ауданнан жазықсыз кеткендердің өмірдерегін және оның отбасының тарихын зерттеп көргенімізде, босқа құрбан болғандарына көзіміз жетті. Оны мына жазықсыз айыптаулардан байқауға болады:
Облыстық «Сыр бойы» газетінің 1992 жылдың маусым айының 9 жұлдызындағы (№68 санында) «Жазықсыз жазалан- ғандар» атты ақталғандар тізімінде Қошанов (дұрысы Қосжанов) Нұрмағанбет 1887 жылы туған, қазақ. Арал қаласы «Пятилетка» артелі, ағаш ұстасы, 24.08.1937 жылы дін түріндегі революцияға қарсы қызмет жүргізгені жөнінде айыпталып, ең жоғарғы жазаға үкім шығарылды» делінген.
Арал өңірінде туып-өскен дарынды ақын Нұрмағанбеттің бірқатар өлең- жырларын жырау-термешілерден тыңдағаны болмаса, оның өмірбаянын кейінгі көпшілік қауым жете біле бермейді. Жерлесіміз, айтыскер ақын Әбілхан Ма- ханов «Аралым–айдын шалқарым» өлеңінде: «Нұрмағанбет, Нұртуған талай жырын жазған жер» деп бір жол сөзбен еске алады. Қысқаша өмірбаяны мынадай:
Нұрмағанбет Қошанов Арал ауданына қарасты Көкарал ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Руы- Жақайымның Бәйімбеті, Бодық әулетінен. Атақты шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлымен аталас. Он жасында ауыл молдасында оқып, сауатын ашады.
1920 жылдары Қошан ауылынан 17 от- басы Құланды өңіріндегі «Қарғалыкөл» деген жерді қыстайды. Ауылда үлкен ауыртпалық болып, өлім-жітімге ұшырайды да, отбасынан тек екі адам аман қалады. Әке-шешесінен айырылған Нұрмағанбет Сексеуіл стансасындағы нағашыларын паналайды. Кейін темір жолға жұмысқа орналасады. Қыстақтық атқару комитетінде хатшылық қызмет атқарып жүргенде, бай молдалардың малын жасырдың деп 1931 жылы 5 жылға сотталады. 1936 жылы жазасын өтеп келгеннен кейін, Арал қаласында қазіргі Н.Қосжанұлы көшесінде тұрып, «Пятилетка» артелінде ағаш ұстасы болып жұмыс істеп жүргенде, яғни әйгілі 1937 жылдың тамыз айында Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмыс жүргізді деп, нақақтан-нақақ ұсталады. Сол кеткеннен, мол кетеді. Кейін белгілі болғандай, Ақтөбе облысындағы НКВД-нің үштігі ату жазасына кесіп, үкім сол жылы қыркүйек айының 4-і күні жүзеге асырылған.
Осыған ұқсас жазықсыз жазаланған жырау Кәрібоз Әйімбетұлы 1892 жылы Арал ауданындағы Мырзас ауылында дүниеге келген. 1937 жылы ұсталғанда, «Әріпбай» ұжымшарында жұмыс істеген. Өнер қонған, әруақты кісі болған екен. Кейін жазықсыз жазаланған ісінде жыраулық қабілеті жөнінде нақтылы мәліметі болмаған. Есесіне, оның Қырғызстан мен Өзбекстанда, сосын Сыр бойындағы Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында ел аралап, жыр жырлағаны туралы айтылған.
Кейіннен, Кәрібоздың тап осы ел аралап жүріп айтқан жырлары өзіне жау боп тиген сияқты. Оның сыртынан жазылған домалақ арызда да «колхозшылар арасында ескі сарындағы, ескіні аңсаған өлеңдерді жырлайтыны, колхозшылардың соған байланысты ақша тастап отыратыны» көрсетілген. Өз кезегінде жырау «осы жиналған қаржыны үкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастырушыларға таратады» екен. Міне, осы бір жапырақ шимай-шатпақ қағаз қырық бес жастағы жігіт ағасының тағдырын туталапай етіп, талқанының таусылуына бірден-бір се- бепкер болыпты. Бұған сонымен қатар, сол кезеңнің саяси айыбы да тағылған. Соған сәйкес, бұл «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйымның мүшесі, колхозшылар арасында үгіт-насихат жүргізуші» болып шыға келеді. Осы айыптаумен ол 1937 жылдың 15 тамызында тұтқындалып, жазықсыз атылған.
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүргенімде, Сексеуіл кентінен Қойқын деген апа келді. Амандық-саулық сұрасқан соң:
–Інім, мен жазықсыз 1937 жылы ұсталып кеткен Емберген деген кісінің қызымын. Мынау қағазы, не көмектерің бар?–дегендей сыңай танытып, Қызылорда облыстық прокуратурасының 1990 жылдың 6 желтоқсанындағы №17/689- 89 хатын ұсынды. Хат азаматша Ембергенова Қойқынның өзіне жазылған екен. Басынан аяғына дейін оқып шықтым. Онда былай делінген: «Сіздің арызыңызға байланысты төмендегіше хабарлаймын:
«Сіздің әкеңіз Емберген Төлегенов 1903 жылы Арал ауданында 19 ауылда туған, қазақ. «Орджоникидзе» колхозының мүшесі, 1937 жылы 29 қазанда Арал аудандық НКВД- мен қамауға алынған. Оған ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның мүшесі бола тұра, колхоз құрылысына қарсы қастандық жасап, 6 гектар күріш егістігін суға алдырып құртқан, бидай егісіне малдарды қасақана жайдырып жегізген, колхозшыларды сельхозартель жарғысына (уставына) өтуге қарсы үгіттеген, колхозшыларды басқа аудандарға көшуге азғырған, заемға жазылуға қарсы болып, оған жазылмауға колхозшыларды үгіттеген» деген айып тағып, Ақтөбе облыстық УНКВД «үштігінің» қаулысымен 1937 жылы 30 қарашада 10 жыл бас бостандығынан айыруға соттаған.
Әкеңіз Емберген Төлегенов Ярослав облысы, Углич қаласындағы «Волголаг» еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезінде 1940 жылы 29 қарашада туберкулез ауруынан қайтыс болған».
Жалпы, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың деректеріне қара- ғанда, аудан бойынша сойқын саясаттың құрбанына іліккен әр ұлттың өкілдері де болған. Және де жас шамалары 23 пен 65 аралығындағылар. Сондай-ақ, жер аударылып келгендерді қылмыстық жазаға тартумен қатар, ықпал ету тәсілдері, негізінен сайлау құқығынан айыру, тұрғылықты жерінен жер аудару қаупі (қоқан- лоққы), ескертпелі тұтқындау, қобалжып жалтақтағандарды құйыршықтар қатарына қосу сияқты қолданылған.
Мұны Сталиннің жеке басына табынушылықтың бетін ашудан басталған «Хрущев жылымығы» жылдарында қуғын- сүргінге ұшыраған азаматтарды реабилитациялау жөніндегі жағдайдан көруге болады. Бірақ, сол кезде ақталғандардың отбасы мүшелерінің қолдарына стандартты хабарландырулар ғана тиген. Бұл хабарландыруда ақиқат үкім және олардың туған-туыстары, өлімнің себептері, қоқанлоққының негіздері туралы мәліметтер жоқтың қасы еді. Сондай-ақ, анықтамаларда, әдеттегідей тек анықталған жағдайлар бойынша «үкім күшін жойған және құрамында қылмыс болмағандықтан тоқтатылған» деген ақпарат көрсетілген.
Тек қана тоқсаныншы жылдардың басында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын реабилитациялау туралы» заң қабылданғаннан кейін ақталғандардың туыстары процессуалдық емес сипаттағы құжаттармен танысу құқығына ие болды.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
31 мамыр 2018 ж. 1 576 0